Денсаулық сақтау

Коронавирус бойынша әлемдегі ахуал

Грузия халқын омикрон алқымнан алып тұр. Вирустың таралу жылдамдығы көрші Армения мен Әзірбайжандағыдан әлдеқайда жоғары. Оған қоса, аталған елде вакцинациялау деңгейі төмен. Иммундау шарасына тұрғындардың небәрі 42 проценті қатысқан. Бұл көрсеткішті көтеру үшін ел үкіметі қаржылай ынталандыру бағдарламаларын қолға алған. Мәселен, препараттың бірінші дозасын салдырған егде жастағы жандарға 65 доллардан беріліп жатыр.

Георгий Гибрадзе, Коронавируспен күрес бойынша ведомствоаралық үйлестіру кеңесі жедел штабының басшысы, Грузия:

– Сондай-ақ, 50 жастан асқан азаматтар бустерлік доза қабылдаса, қосымша 100 лариден ала алады. Бүгінде Грузияда омикрон-штамы жоғары қарқынмен таралуда. Вирус жұқтыру деректерінің 90 проценті осы мутациямен байланысты. Тбилисидегі 168 балабақшаның үштен бірі қазір жабық тұр.

Дегенмен, денсаулық сақтау ұйымының өкілдері тұрғындарды дүрбелеңге бой алдырмауға шақырады. Айтуларынша, қазір ауруханаларда орын тапшылығы мәселесі жоқ.

Тамар Габуния, Грузия денсаулық сақтау министрінің орынбасары:

– Қазір ел бойынша 87 мың адам коронавируспен ауырып жатыр. Солардың 4 жарым мыңнан астамы стационарларда ем қабылдауда. Бұл төсек-орын толымдылығының 55 пайызын құрайды. 300-ге жуық науқас – жансақтау бөлімінде.

Франция елінде де жағдай мәз емес. Мұндағы ақ халаттылар вакциналанбаған тұрғындарға COVID-19-дың емін ақылы етуді ұсынып отыр. Себебі, орташа есеппен алғанда жансақтау бөлімшесіне түскен 1 науқасты емдеуге 3 мың 340 доллар жұмсалады екен. Ал Ұлыбританияда жуырда 5 пен 11 жас аралығындағы балаларға екпе салу науқаны басталды. Созылмалы ауруы бар ұл-қыздарға “Pfizer” компаниясының препараты қойылуда. Оларға 10 микрограмнан арасы 3 апта болатын 2 доза егіледі. Бұл – ересек адамға бекітілген мөлшердің үштен бір бөлігі. Австралия 16-17 жастағыларды ревакцинациялауға көшкен. Мұндай шешім коронавирустен болатын өлім-жітім көрсеткішінің өсуіне байланысты қабылданған.

Дана Ешкенова