Аптадағы маңызды жаңалықтар

Былтыр облыста 1 мыңнан аса аграрий жеңілдетілген несие алды

Берілген несиенің негізгі бөлігі, яғни 18,5 млрд теңге көктемгі егістік пен күзгі астық жинау жұмыстарын жүргізуге бағытталған. Мемлекеттен көрсетілген қолдаудың арқасында биыл солтүстікқазақстандық аграрийлер өздерінің егістік алқаптарын 900 мың гектарға кеңейткен.

Алмат Қожахметов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ СҚО бойынша филиалының директоры:

– Сондай-ақ, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 835 млн теңге берілді. Ал техника мен өзге де жабдықтарды сатып алу үшін 4 млрд теңге бағытталды. Осылайша, 100-ден аса кәсіпкер су жаңа 167 заманауи техникаға ие болды. Яғни, 18 комбайн, 54 трактор мен басқа да ауыл шаруашылығына қажетті құрылғылар.

«Аграрлық несие корпорациясы» жергілікті «идея авторларының» да бастамасына қолдау білдіруде. Өткен жылдың қорытындысына сай «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 370 адамның «Start up» жобасына қаржылай көмек көрсетілген. Нәтижесінде, өңірде 757 жаңа жұмыс орны пайда болған екен. Өзге де жобалар жүзеге асырылу үстінде.

Елнұр Сыздықов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ СҚО бойынша филиалы бөлімінің бас маманы:

– Ағымдағы жылы көктемгі егістік егу және жинау жұмыстарын жүргізуге қаржыландыруды жалғастырудамыз. Өткен жылдың желтоқсан айынан бастап «Кең дала» бағдарламасы аясында қаржыландыруға өтініштер қабылдау басталды. Осы бағдарлама аясында несиелер 1,5 пайыздан 5 пайызға дейінгі жылдық мөлшерлеме бойынша беріледі.

Айта кеткен жөн, өткен жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» «Аграрлық несие корпорациясы»-ның құрамына енді. Енде жергілікті кәсіпкерлердің барлығы соңғы аталған ұйымнан ғана қаржылай қолдау ала алады.

Бердимурат Баймухан