Денсаулық сақтау

«Ashyq» жобасына қатысатын объектілер үшін карантин жеңілдетілді

Соңғы тәулікте 453 солтүстікқазақстандық коронавирусқа шалдыққан. Науқастардың басым бөлігі – петропавлдықтар. Қайта “қызыл” аймаққа өткен өңірде соңғы екі аптада 3 мыңға жуық адам тәж вирусын жұқтырған. Бұл оның алдындағы осы мерзіммен салыстырғанда 6,7 пайызға көп.

Әсет Жұматаев, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– Өсім облыстың барлық аудандары мен облыс орталығында байқалады.
Бұл ретте Айыртау ауданында аурушаңдық 23 есе (7-ден 159-ға дейін), Ғабит Мүсіреповте 20 есе, Уәлихановта 17 есе (6-дан 106-ға дейін), Тимирязевте 14 есе өсті. Жас құрамы бойынша ең үлкен үлес салмағы 19-39 жас аралығында байқалады-43% (1211 жағд.), 60 жас және одан жоғары – 18% (508 жағд.)”.

Бір сөзбен айтқанда эпидахуал тұрақсыз. Бірақ, бұған қарамастан бүгіннен бастап өңірдің бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес, облыста карантин жеңілдетілді. Енді «Ashyq» жобасына қатысатын объектілер үшін жұмыс және демалыс күндері қызмет көрсету уақыты бойынша шектеу қойылмайды.

Әсет Жұматаев, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– Эпидемиологиялық тәуекел аймағына (жасыл, сары, қызыл) қарамастан, қызметкерлер мен келушілердің қауіпсіз «жасыл» мәртебесі бойынша жұмыс істейтін объектілер үшін шектеу алынып тасталды. Бұл – салтанатты, еске алу, ойын-сауық, спорттық іс-шаралар, көрмелер, конференциялар, форумдар өткізу, спорт кешендерінің, сауықтыру және діни объектілердің, ойын-сауық объектілерінің ойын клубтары, казино, түнгі клубтар және караоке, сауда желілерінің сауда алаңы 1000 ш.м.-ден асатын азық-түлік емес және сауда алаңы 6000 ш.м.-ден асатын азық-түлік қызметі, бассейндер.

Сондай-ақ, «көк» статустағы жандарға да кіруге рұқсат берілген нысандардың саны артқан. Тізімде қонақ үйлер, автостанциялар, ХҚКО-тары, «Қазпошта» бөлімшелері, банктер, сұлулық салондары, қоғамдық тамақтану орындары мен мектепке дейінгі және қосымша білім беру ұйымдары да бар.

Әсет Жұматаев, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– “Жасыл” аймақта мейрамханалар мен дәмханалар типіндегі қоғамдық тамақтану объектілері, ересектер мен балаларға арналған ойын және ойын-сауық орындары (бильярд, боулинг, театрлар, кинотеатрлар, концерт залдары, филармониялар, цирктер, океанариум, компьютерлік және лотерея клубтары, букмекерлік конторалар) үшін келушілерде бейтарап «көк» мәртебе болған жағдайда шектеу алынып тасталды, бұдан басқа «сары» аймақта олардың толтырылуы 50%-дан 70%-ға дейін және «қызыл» аймақта 30%-дан 60%-ға дейін ұлғайтылды. Объектінің толтырылуы оның жобалық қуатына байланысты анықталады.

Жаңа қаулы бүгіннен бастап күшіне енді. Брифинг барысында денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Айманов стационарлардағы жағдайға тоқталып өтті. Бүгінде емдеу мекемелерінде 360-қа жуық адам емделіп жатыр. Бұл төсек-орын толымдылығының 26 пайызын құрайды. Ал 4 мыңнан астам науқас амбулаторлық ем қабылдауда.

Нұрлан Айманов, СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы

– Егер қазіргі жағдайды қаңтар айының басымен салыстыратын болсақ, өсімнің біраз артқанын байқаймыз. Мысалы, бүгінде бір тәулікте емдеу мекмелеріне 50 науқас жатқызылады. Жедел жәрдем мен емханалар жанындағы мобильді бригадалардың жүктемесі артты. Бір бригаданың өзі күніне 20-30 шақыртуға барады. Бұл, әрине, “Омикрон” штамының тез таралуына байланысты. Негізінен, халықтың 60 пайызы тәж вирусын жеңіл формада өткеруде. Тұрғындардың басым бөлігінде симптомдар бір-біріне ұқсас келеді.

Нұрлан Аймановтың сөзінше, жаңадан келген штамның жеңіл өтуіне вакцинация себепші. Иммундау шарасынан, әзірге, өңір жұртшылығының 77,9 пайызы өткен, ал ревакцинацияға 63 мыңнан астам тұрғын қатысқан.

Дана Ешкенова