Мәдениет

Облыста 1,5 мың бала тегін үйірмелерге қатыса алады

Үстіміздегі жылы 1,5 мың бала шығармашылық үйірмелерге тегін қатысады деп жоспарланған. Бұл жайында бүгін Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының алқа отырысында мәлім етілді. Сондай-ақ, жиында 2022 жылы елімізге танымал бірқатар тұлғаның мерейтойлары аталып өтетіндігі жайлы айтылды. Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығы, Ғабит Мүсіреповтің 120 жылдығы, Сафуан Шаймерденовтің 100 жылдығы мен Кәкімбек Салықовтың 90 жылдығына орай аққайыңдар өлкесінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылмақ.

Биыл өңірдегі білім нысандарының кейбіріне Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы және өзге де белгілі тұлғалардың есімдері берілмек. Жалпы, бүгінде облыста 603 мәдениет ұйымы бар. Онда 2400-ден астам адам еңбек етеді. 2021 жылы «Дипломмен ауылға» бағдармаласы аясында 8 маман жұмысқа орналасып, оның 7-еуі жеңілдетілген несие арқылы баспаналы болды.

Досбол Әбдiрисов, СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Мәселелерді саралай келе мәдениет ұйымдарында маман тапшылығын байқадық. Бұл мәселені шешу мақсатында облыс әкімі шығармашылық мамандарға 75 грант бөлу туралы ұсынысты қолдады. Өңірдегі мәдениет нысандарының инфрақұрылымын дамыту ерекше бақылауда. Өткен жылы бұл бағытта біраз жұмыс атқарылды. Жалпы, облыс бойынша 20 жобаны жүзеге асыруға 1 млрд 619 млн теңге бөлінді. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 35%-ға көп.

Дана Ешкенова