Денсаулық сақтау

№1 қалалық емханада 4 мыңнан астам адам ревацинациядан өтті

Валентина Павлухина 74 жаста. Зейнеткер 2020 жылдың желтоқсан айында коронавируспен ауырып шыққан. Мұндай жағдай қайталанбас үшін ол бірден иммундау шарасына қатысамын деп шешкен. Жаман індетке қарсы вакцинаны ол 2021-дің сәуір айында салдыртқан. Ал бүгін зейнеткер ревакцинациядан өтіпті.

Валентина Павлухина, қала тұрғыны:

– Егде жастағы адамдар коронавирусты өте ауыр өткереді. Тіпті, кейбірі ауруға шыдас бермей көз жұмды. Сондықтан, қарт адамдар міндетті түрде иммундау шарасына қатысулары қажет. Бірақ, бұны бәрі бірдей түсіне бермейді. Ең өкініштісі, адам өз басынан өтпейінше жағдайдың аса ауыр екендігіне сенбейді. Мысалы, мен “Sinopharm” препаратын салдырттым. Екі компонентті алғанда да ешқандай кері әсер байқалған жоқ. Бүгін, міне ревакцинациядан өттім. Өзімді жақсы сезінім тұрмын.

Бүгін 1-ші қалалық емханаға ревакцинациядан өтуге келген адамдардың қатары қалың. Кезекте тұрғандардың басым бөлігі – егде жастағы жандар. Солардың бірі – Раиса Никонорова. Зейнеткер емдеу мекемесіне жақын құрбысымен келіпті. Екеуі де алғаш рет иммундау шарасынан былтыр шілде айында өткен. Жарты жыл салып Раиса Александровна өзі үшін 3-ші құрамды қабылдау қажеттігін шешкен.

Раиса Никонорова, қала тұрғыны:

– Мен жаз кезінде ресейлік “Спутник V” препаратын салдырттым. Жуырда емханаға осы компанияның “Спутник Лайт” атты екпесі келгенін естідім. Сондықтан, мүмкіндікті пайдаланып ревакцинациядан өтуді жөн көрдім. Қазіргі заманда денсаулықты күту қажет. Екпеден емес, жаман індеттен қорқу қажет.

Жуырда, №1 қалалық емханаға ресейлік “Спутник Лайт” препаратының 550 дозасы жеткізілді. Естеріңізге сала кетейік, бұл екпе адамдарды ревакцинациялауға арналған. Өнімнің тиімділігі 79,4%-ды құрайды. Бүгінге дейін аталған екпенің 300-ге жуық дозасы пайдаланыпты. Жалпы, емханада отандық, қытайлық, ресейлік және америкалық вакцинаның барлық түрі бар әрі жеткілікті көлемде дейді мамандар.

Лариса Телюк, №1 қалалық емханасы бас дәрігерінің орынбасары:

-Бүгінде ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін барлық жағдай жасалған. Келген адамдарға таңдауға түрлі препараттар ұсынылады. Барлығы тегін. Әсіресе, егде жастағы жандарды вакциналануға шақырамын. Себебі, індетке шалдыққандардың басым бөлігі – 60 жастан асқандар. Олардың көбінде созылмалы аурулары бар. Ал вакцина салдыртқан кісілер тәж вирусын жұқтырғанның өзінде індетті жеңіл өткереді. Сондықтан, өзіңіздің, жақындарыңыздың денсаулығына бейжай қарамаңыздар.

Бүгінге дейін 1-ші қалалық емханада 4 мыңнан астам петропавлдық ревакцинациядан өткен. Жалпы, емдеу мекемесінде 3 екпе кабинеті жұмыс істейді.

Дана Ешкенова