Билік

Ішкі саясат басқармасының алқа отырысы өтті

Қоғамның саяси тұрақтылығын қамтамасыз ету. Бұл – Кемел Оспанов жетекшілік ететін басқарманың басты бағыттарының бірі. Осы мақсатта
өткен жылы ведомство резонанстық тақырыптар мен туындаған проблемалар бойынша брифингтер өткізіп, БАҚ өкілдерімен тығыз қарым-қатынаста болды.

Кемел Оспанов, СҚО ішкі саясат басқармасының басшысы:

– Өткен жылы басқарма 30 медиа-жоспар әзірлеп, БАҚ-та 3 жарым мыңнан астам материал, 49 бейнефильм және 150 бейнеролик
жариялады. 2021-де өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында 155 баспасөз конференциясы өткізілді. Басқарма жұмысының маңызды бағыты – өңірдегі азаматтық секторды нығайту және дамыту.


Ішкі саясат басқармасының алқа отырысында волонтерлік жайлы да сөз қозғалды. Былтыр бұл бағытта ауқымды шаруа атқарылыпты. Жаны жомарт жастар 2 жарым мыңнан астам қайырымдылық іс-шараға қатысқан. Биылғы жоспар да ауқымды. Қазіргі уақытта басқарма 134 еріктілік ұйыммен әріптестік қарым-қатынаста. Олардың 300-ге жуық мүшесі көмекке мұқтаж жандарға күнделікті жәрдем беруде.

Анастасия Волкова, СҚО ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы:

– Облысымызда 14 жастар ресурстық орталығы бар. Оның 1-еуі – қалада, қалғаны аудандарда жұмыс істеуде. Орталықтың негізгі жұмысы – жастарға қандай бағытта болмасын ақыл-кеңес беру. 2020-шы жылы белсенді қыз-жігіттердің қолдауымен 1765 іс-шара ұйымдастырылды. Іске 19 мыңға тарта адам қатысты. Ал былтыр 2 мыңнан астам акция өткізіліп, 30 мың адамға көмек көрсетілді.

Ішкі саясат басқармасы мен “облыстық Азаматтық альянс” ұйымы 2005 жылдан бері тығыз жұмыс жасауда. Ортақ мақсаттары – халықтың әл-ауқатын арттыру бойынша шараларды қолға алу.

Жанат Мұхамеджанов – СҚО Азаматтық альянсының төрағасы:

– 2021 жылы біз халықпен көптеген кездесулер өткіздік, үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін арттыру бағытында бірқатар жұмыстар атқардық.  Өткен жылы 200 млн теңгеге мемлекеттік тапсырыс алынған болатын, яғни біраз қоғамдық ұйымдар қолдау алды. 2022 жылға біз үлкен мақсат қойып отырмыз. Атап айтсақ, халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізу. Тағы бірі мемлекеттік функцияға сараптама жүргізіп, кейбір функцияны осы әлеуметтік қоғамдық ұйымдарға енгізу мәселесін қолға алмақшымыз.

2021 жылы әлеуметтік-мемлекеттік тапсырыс бойынша басқарма 109 әлеуметтік маңызға ие жобаны жүзеге асырған. Бұл бағытқа 200 млн теңгеден астам қаражат бөлінген екен. Ал биыл мемлекеттік тапсырыс аясында 242 млн теңгеге 89 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Алдияр Айтпаев