Денсаулық сақтау

Денсаулық сақтау саласындағы мәселелер талқыланды

Бүгіндері өңірдің емдеу мекемелерінде 1300-ден астам дәрігер мен 5 мыңға жуық медицина қызметкері еңбек етуде. Оның өзінде 13 пайызы – зейнет жасындағы жандар. Ешкімге жасырын емес, саладағы басты проблемалардың бірі де осы – кадр жетіспеушілігі.

Еркебұлан Баязитов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

– 2021 жылмен салыстырғанда емдеу мекемелерін дәрігерлермен қамтамасыз ету деңгейі 2 пайызға төмендеген. Кейбірінде қамту көрсеткіші 80 пайызға да жетпейді. Айталық, психологиялық денсаулық орталығында ақхалаттылармен қамту – 62,8, облыстық фтизиопульмонологиялық орталықта – 65,6, облыстық көпсалалы ауруханада – 73,3, ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығында – 79,2, облыстық жедел жәрдем орталығында 71,5 пайызды ғана құрайды.

Сол себепті, тұрғындар дәрігерлерге жазыла алмайды немесе айлап кезек күтуге мәжбүр. Мұндай жағдайларды болдырмау үшін өңірге кадр тарту қажет делінді жиында. СҚО-ға бет бұратын жас мамандарға 2 жарым млн теңге көлемінде көтермеақы төленбек. Жер үйде тұратындары болса, оларды, тіпті, отынмен қамту көзделуде. Сондай-ақ, отырыста вакцинация науқанының да сылбыр жүргізіліп жатқандығы айтылды. Әсересе, балалар мен жүкті әйелдер екпе жасатуға асықпайды. Бір апта ішінде вирусқа қарсы вакцинаны 3 мың солтүстікқазақстандық қабылдаған. Бұл – республика бойынша ең төмен көрсеткіш.

Нұржан Тағаниязов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

 –Бүгіндері облыс тұрғындарыСпутник V”, “QazVac”, “Sinopharm” вакциналарын қойдыра алады. Тағы балалар мен жүкті және бала емізіп жүрген әйелдер үшін “Pfizer” бар. Жалпы, өңірде коронавирустық инфекцияға қарсы екпенің 86 мың 906 дозасы сақтаулы тұр.

Жиында мамандар қоғамда шу тудырған ана өліміне қатысты оқиғаны да айналып өтпеді. Ведомстводағылар бұл оқиғаға қатысты мән-жайдың анықталу барысы облыс әкімінің назарында екендігін айтып, кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылатындығын жеткізді. Коронавирустан бөлек, өткен жылы өңірде инсульттан қайтыс болу жағдайлары 11 пайызға жиілеген. Осы ретте, ақхалаттылар “Сақтансаң, сақтаймын” деген қағиданы ұстанып, дәрігерлерге уақытылы қаралу қажет дейді.

Юрий Белоног, облыстық көпсалалы аурухананың бас дәрігері:

– Бізде 12 инсульттық орталық бар. Яғни, өңірдегі барлық аудан орталықтарындағы ауруханалар бірінші деңгейдегі құрылғылармен жабдықталған. Тайынша ауданындағы ауданаралық емдеу мекемесінде 2-ші деңгейдегі 2 аппарат жұмыс істеп тұр. Облыстық көпсалалы ауруханада реваскулярлы ота жасайтын орталық бар. Онда 5 дәрігер еңбек етеді. Бірақ, 2 МРТ аппаратының бірі істен шыққан.

Облысымызда балалардың өлім-жітімі де азаймай тұр. Өткен жылы өңірде 5 жасқа дейінгі 87 сәби шетінеп кеткен. Ахуал қатаң бақылауға алынды.

Магжан Ахмадина