Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыста ауыл шаруашылығы басқармасының алқа отырысы өтті

Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысындағы егістік алқабының жалпы көлемі 4 млн 300 мың гектарды құрайды. Оның 70 пайызына дәнді және бұршақты дақылдар егіледі. Кейбір аграрийлер гектарына 20 центнерге дейін өнім алып жатса да өткен жылдың қорытындысы бойынша аймақтағы ырыздық мөлшері орташа есеппен 12 центнер болған. Төмен көрсеткіш – іске немқұрайлы қараудың салдары деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов. Яғни, көбісі жерінің көлемі өзге аграрийлермен бірдей болса да әлдеқайда аз өнім алған. Мұндай жандарға қатысты енді қатаң шара қолданбастан басқа амал жоқ. Алдағы уақытта олардың жерлері тартып алынып, өзге азаматтарға беріледі.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Өзіміз айтқандай, бір жыл бойы жұмыс істемедің бе, қош бол! Бір жарым жылдың ішінде жер қайтарылып алынады. Бұл ісіне немқұрайлы қарайтын, жауапкершілігі жоқ кәсіпкерлер үшін қолданылатын ең дұрыс шара деп ойлаймын. Президент заңға қол қойды, аталған норма өз күшіне енді.

Басқалардай мол өнім алу үшін машина-трактор паркін уақытылы жаңартып отыру қажет. Үстіміздегі жылы облыс диқандары 2 мыңнан астам тегеурінді техника сатып алмақшы екен. Уақытында сапалы тұқым сатып алуды да ұмытпаған жөн. Бұл ретте биылғы жоспар 170 мың тоннаны құрап отыр.

Мейрам Меңдібаев, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– «Атамекен-Агро-Корнеевка» серіктестігі былтыр жоғары сапалы тұқым өндіретін зауыттың құрылысын аяқтады. Кәсіпорынның жылдық қуаттылығы – 60 мың тонна. Мұндай зауыт – республика көлемінде жалғыз. Жоба құны 1 млрд теңгеден асады. Кәсіпорын іске қосылысымен сапалы тұқым өндіру көлемі артады. Бұл диқандар арасында әділ бәсекелестік тудырып, нәтижесінде жыл сайын мол өнім алуға септеседі.

Соңғы 2 жыл бойы болған қуаңшылық та өнімділік көрсеткішіне кері әсерін тигізді. Осы орайда жер емген шаруалар биылғы егістік науқанына жақсылап дайындалуы қажет. Өйкені, синоптиктер биыл аймаққа жауған ақ ұлпаның мөлшері аз деп отыр. Әзірге, қардың биіктігі шамамен 60 мм-ді құрайды. Диқандар шұғыл түрде қар тоқтату жұмыстарына кірісулері қажет. Бұл алқаптардағы ылғалдылықты арттыруға септеседі.

Марат Тасмағанбетов,СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Егіс науқанының алдында қардың биіктігі кем дегенде 150 мм болуы керек. Бүгін айтылып жатқан ескертулердің барлығы қатаң түрде орындалуы қажет. Мол өнім алу үшін минералды тыңайтқыш көлемін әзірлеудің қаншалықты маңызды екенін түсіндік. Бұл жұмысты да дұрыстап қолға алған жөн.

Аграрийлер үшін тағы бір өзекті мәселе – ауыл шаруашылығы саласындағы мамандардың жетіспеушілігі. Өңірде оларды оқытатын оқу орындары баршылық, бірақ, сонда да көптеген кәсіпорын басшылары кадрлардың аздығын айтады. Тайыншалық аграрий Анатолий Рафальский бұл мәселенің шешімі бар дейді.

Анатолий Рафальский, «СК АГРО-2050» ЖШС директоры:

– Бұрын бізде де кадр мәселесі өзекті болды. Ойлана келе, мектеп тәмамдаған түлектермен келісім-шартқа отыра бастадым. Яғни, оқуларының ақшасын өзім төледім. Ал келісім-шарт аясында олар қолдарына дипломдарын алған соң ауылға келіп, 5 жыл жұмыс істеулері қажет еді. 5 жыл деп белгілеген себебім, осы уақыт ішінде адам отбасын құрып, өз жағдайын жасап үлгереді. Осылайша, ауылда ұзақ уақытқа дейін қалады.

Жиын барысында аймақ басшысы Құмар Ақсақалов әлеуметтік саланы дамытуға баса назар аудару қажеттігін айтты. Себебі, әкімдікке түскен арыздардың 32 пайызын ауылдағы ағайын жазған. Дені жергілікті агроқұрылымдардың жұмысына наразы.

Құмар Ақсақалов,Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер елді мекендердің дамуына көңіл бөлмейді. Мемлекет оларға миллиардтаған субсидия бөліп жатыр. Ал сіздерден қайтарым жоқ. Салықты да азайттық. Қолайлы жағдай жасалып жатыр. Сол себепті, өз ауылын алға сүйрей алатын азаматтар бар екенін көрсете білсеңіздер. Ауылшаруашылығы тауарын өндірушілердің әлеуметтік жауапкершілігі туралы мәселені заңды түрде қарастыру қажет.

Негізі, серіктестік басшылары жыл сайын тұрғындар алдында атқарған жұмыстары жайлы есеп берулері керек. Мұндай норма заңда бар. Бірақ, оны ескеріп жатқандар шамалы. Халық түк естіп-білмегеннен кейін түрлі түсініспеушіліктер пайда болады. Осы орайда есеп беру талабын қатаңдату қажет. Егер кәсіпкерлер аталған норманы ары қарай да елемейтін болса, оларды әкімшілік жауапкерлішікке тарту қажет деді Құмар Ақсақалов.

Бердимурат Баймухан