Денсаулық сақтау

№1 қалалық емханада ерекше акция өтуде

Евгения Ходырева желтоқсан айының соңында кәмелет жасқа толыпты. 18-ге келген бойжеткен бірден жұртшылықпен бірге иммундау шарасына қатысу қажеттігін шешкен. Сондықтан, бүгін өзі тіркеуде тұрған №1 қалалық емханаға келіп отыр. Екпе алмас бұрын Евгения терапевттің қарауынан өтті. Әуелі оның дене қызуы мен қан қысымы тексерілді.

Жіті тексерістен өткен соң, бойжеткенге вакцина алуға рұқсат берілді. Евгения ресейлік “Спутник V” препаратын таңдаған. Себебі, жақындарының барлығы дәл осы екпені салдыртыпты. Ешқайсысынан да кері әсер байқалмаған. Оған қоса аталған вакцинаның тиімділігі 91,6 пайызды құрайды.

Евгения Ходырева, М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің студенті:

– Қатарластарымның көбі “Pfizer” компаниясы шығарған препаратты салдыртқан. Барлығының жағдайы жақсы. Ал мен ресейлік вакцинаны таңдадым. Екпе алмас бұрын, әрине, біраз ойландым. Дегенмен, қазіргі кезде эпидахуалды одан әрі ушықтырмай міндетті түрде екпе алу қажет. Жалпы, колледжде менің тобымда 25 адам бар. Бүгінде барлығымыз дерлік вакцина қабылдадық.

1-ші қалалық емханада 69 мыңнан астам адам тіркеуде тұр. Оның 42 мыңына вакцина қоюға рұқсат етілген. Иммундау шарасы басталғалы емдеу мекемесінде 34 мыңнан астам петропавлдық екпе салдыртыпты. Қалған 8 мыңға жуығы вакцина қойдыруға асықпайтын көрінеді. Сондықтан, емхана басшылығы бүгіннен бастап коронавирусқа қарсы екпенің алғашқы дозасын қабылдауға келген жандарға арнап ерекше акция өткізуде.

Светлана Кашенцева, №1 қалалық емханасының бас дәрігері:

– Бүгін емханада “Ауырмас үшін екпе ал” атты ерекше акция бастау алды. Іс-шараға коронавирусқа қарсы мүлдем вакцинаны алғаш рет алып жатқан жандар автоматты түрде қатысады. Бастысы, қатысушылардың жасы 18-ден жоғары болуы тиіс. Акция барысында санаторлық-курорттық сауықтыруға 3 жолдама ойнатылады. Жеңіпаздар жергілікті “Транссиб” пен Бурабайдағы шипажайлардың біріне барып емделе алады.

Сондай-ақ, азаматтарға жекеменшік клиникада тіс емдетуге ақшалай сертификаттар ұсынылады. Ұтыс иелері компьютердің көмегімен анықталады. Акция ақпан айының соңына дейін жалғасады.

Дана Ешкенова