Қоғам

Ленинград блокадасының бұзылғанына 79 жыл толды

Тура 872 күнге созылған азапты, қанды, қаралы күндер. Арада бірталай жылдар өтсе де Ленинградта болған трагедияның барлығы Вера Яковлеваның есінде анық сақталған. Қария ол кездері небәрі 7 жаста болыпты. Құрдастарымен алаңсыз ойын ойнап, бақытты балалық шақтың дәмін сезудің орнына бұрымды бауырларына бас-көз болып, уақытынан ерте есейген.

Вера Яковлева, блокадашы:

– Анам бізді асырау үшін басын қатерге тігіп жұмысқа баратын. Әрдайым үйге аман-есен жетсе екен тілеп отыратынмын. Өйткені, айналада басқыншылар қаптап жүрді. Көзге түскендерді еш аямайтын. Тіпті, тұрғындардың жүріп-тұруын қиындату үшін қаланың барлық көшелеріне су төгіп тастаған еді. Анам есікті бөгде жандарға ашуға тыйым салды. Сондықтан, ол кезде бойымызды билеген үреймен көрпенің астына кіріп, шешемізді күтуден басқа шара болмады.

Жаулар әдейі азық-түлік сақталған қоймаға бомба тастап, күл-талқанын шығарған. Салдарынан, бүтіндей Ленинград аш қалды. Вера Николаевна қасіретті жылдары басынан кешіргенін баяндағанда көзі еріксіз жасқа толды. Әсіресе, бір тілім нанға зар болған сіңлісін көз алдында жан тапсырғаны әлі де жанына батады.

Вера Яковлева, блокадашы:

– Сіңлім қасыма келіп: «Вера, қарным қатты ашып тұр. Нанның үгіндісін болса да берші, өтінемін»,-деп айтты. Ал мен оған: «Жылама, сағат 4-ке қарай анамыз келеді, сәл шыдашы»,-дедім. Біраз уақыттан кейін анам да келіп, сіңлімнің ажал құшқанын айтты. Бұл күн ешқашан есімнен кетпесі анық.

Фашистердің қоршауында қалған адамдар аштан, жаулардың қысым көрсетуінен әрі суықтан да әбден қиналды. Тіпті, пеш жағуға отын таппаған кездер болған екен.

Вера Яковлева, блокадашы:

– Ол кездері өте суық болды. Анам от жағып, үйді жылыту үшін тақтай теріп алып келетін. Жұмыстан онсыз оралса, біттік деген сөз. Суық денемізді сыздатқаны соншалық, амал таппағаннан үйдегі орындықтарды шауып, жаға бастадық. Бұл сұрапыл күндердің артта қалғанына қуанамын. Енді ешқашан қайталанбаса екен.

Бүгін Ленинград блокадасының бұзылғанына 79 жыл толып отыр. Қазіргі таңда облыста 9 блокадашы тұрады. Оның бесеуі – Петропавлда. Жастары 90-ға таяған. Қайғы мен қасіретке толы жылдары тұрғындар қолданған заттар мен оларды суықтан құтқарған пештерді «Саланг» әскери-патриоттық клубындағы музейден кезіктіруге болады. Ұйым жетекшісі Александр Азегов тарихи дүниелерді 27 жыл бойы жинаған.

Александр Азегов, «Саланг» әскери-патриоттық клубының жетекшісі

– Мен 8-ші сыныпқа дейін Мамлют ауданындағы Становое ауылында тұрдым. Көне жәдігерлерді жинауға деген қызығушылығым тура сол кезде оянды. Нақтырақ айтсам, туған селомда қамал бар. Әрі-бері өтіп жүргенде Азамат соғысынан қалған оқ немесе басқа да қару-жарақтарды көріп, үйіме алып кететінмін. Есейгесін Ауған соғысына аттандым, ол жақтан біраз зат алып келдім. Соңында барлығын жинап, музейге қойғым келді.

Мұндағы көне заттардың барлығын Александр Азегов халықаралық іздеу экспедициясынан әкелген. Сөзінше, соғыс кездерінде қолданылған тұрмыстық заттар мен қару-жарақтың тарихына жастар ерекше қызығушылық танытады.

Алтынай Казиканова