Құқық қорғау органдары

Интернет алаяқтық фактілері тыйылмай тұр

Сауда үйлері, базарлар мен өзге де қоғамдық орындар. Солтүстікқазақстандық тәртіп сақшылары жедел-алдын алу іс-шараларынан бөлек, халық арасында түсіндіру жұмыстарын қызу жүргізуде. Криминалдық полиция бөлімінің мамандары тұрғындарға жаднамалар таратып, оларға алаяқтардан қалай сақтану керек екенін айтып жатыр. Петропавлдықтар да полицейлердің айтқандарын зейін қойып тыңдауда.

Елена Симонова, қала тұрғыны:

– Теледидардан ұдайы көріп жүрген соң алаяқтардың қитұрқы әрекеттерін жақсы білемін. Анам мен туыстарыма айтып жүремін. Банк қызметкерімін деп қоңырау соққан адамдарға сенбеу қажет. Телефон тұтқасын тастағаннан кейін өзіңіздің банк бөлімшеңізге хабарласып, мәселенің мән-жайын нақтылап алу керек.

Жаднама таратып, әңгімелескеннен бөлек, полиция қызметкерлері түрлі мессенджер мен әлеуметтік желілер арқылы ақпарат таратады. Еріктілер мен ұстаздардың көмегі арқылы ата-аналар чатына ескертпелер мен бейнероликтер жібереді.

Жангелді Әпенов, қалалық ПБ аға жедел уәкілі:

– Сондай-ақ, алаяқтар өзгенің смартфонын қашықтан басқара алатын қосымшаны орнатуды сұрайтын фактілер көп. Біреу телефонға қандай да бір бағдарлама жүкте деп хабарласса сенбеу керек.

Талдау көрсеткендей, қыз-жігіттер мен орта жастағы адамдар интернет-алаяқтардың әрекеттері мен айла-тәсілдерінен жақсы хабардар. Ұрлықшылардың қармағына көбінесе егде жастағы адамдар түсіп қалады дейді мамандар.

 

Бердимурат Баймухан