Денсаулық сақтау

Әлемде коронавирус өршіп тұр

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, әлем бойынша тәж вирусын 358 млн-нан астам адам жұқтырған. Мамандар аурудың күрт өсуін “Омикрон” штамымен байланыстырып отыр. Соңғы екі аптада індеттің бұл түрі 43 елде анықталыпты. Ал Үндістанда жағдай, тіпті, мүшкіл. Елде COVID-19-ды жұқтыру жағдайлары күннен-күнге өсуде. Пандемия басталғалы 49 млн үндістандық вирус жұқтырып, қайтыс болғандардың ресми саны 490 мыңға жуықтаған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейесустың айтуынша көңілге қаяу түсіретін статистиканың ушығуына вакцинация қарқынының баяулығы әсер етуде.

Тедрос Адханом Гебрейесус, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы:

– 86 ел тұрғындарының 40 пайызға жуығы ғана екпе алған. Тағы 10 мемлекет халқының иммундалу көрсеткіші 10 пайыздан аспайды. Негізінен, вакцинаның жетіспеушілігінен дамушы және кедей елдер зардап шегуде. Осылайша, біздің әлем халқының 70 пайызын вакциналау мақсатымыз, әзірге орындалмай тұр.

Сонымен қатар, бірқатар сарапшы “Омикрон” штамы Еуропада пандемияның тоқтауына себепші болуы мүмкін деп санайды.

Алдияр Айтпаев