Аптадағы маңызды жаңалықтар

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы талқыланды

Елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес қарқынды түрде жүргізіліп келеді. Бүгіндері мемлекеттік органдардың жұмысы да ашық бола түсті. Мемлекеттік қызметтердің 92 пайызы электронды түрде беріледі. «Ашық әкімдік» жобасы жұмыс істеуде. Осының арқасында тұрғындар кабинеттердің табалдырығын тоздырмай, бір жерден бірнеше қызмет түрін ала алады.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бір жерден өткізілетін мемлекеттік сатып алулардың саны қысқартылды. Тағы «Ашық бюджеттің интерактивті картасы» атты жоба қолға алынды. Осының арқасында кез келген адам бюджет қаржысының қайда кетіп жатқандығын тексере алады. Тіпті, қаржы құрылысқа бағытталса, онда мердігер компания кім екендігін біліп, құрылыстың қандай материалдардан жасалып жатқандығына дейін көруге болады. Бүгіндері бұл картада 1 трлн теңгенің 5 мыңнан астам бюджеті көрсетілген.

Бұл жұмыстардың барлығы, әрине, өз нәтижесін беруде. Десе де, заман ағымына сай, сыбайлас жемқорлықпен күрес шараларын жетілдіре түсу қажет. Оны ел Президенті де өзінің былтырғы халыққа жолдауында айтып өткен болатын. Осыған сай, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жаңа тұжырымдама әзірлеген. Аталған құжат 6 бөліктен тұрады. Алғашқысы – сыбайлас жемқорлыққа қарсы төзбеушілікті қалыптастыру. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, осы идеяны отбасы институты арқылы дамытуды көздеп отыр. Тағы агенттіктегілер сыбайлас жемқорлықпен күрес тематикасын білім саласына да ендіру керек деген пікірде.

Жарқын Ғалымов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО департаментінің басшысы:

– Жобаның екінші бөлігі жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға қатысты. Осы ретте мемлекеттік және ұлттық бағдарламаларды жасау барысында азаматтық мониторинг жүргізу көзделуде. Құжаттың үшінші бөлігі жауапкершіліктен бұлтара алмауды қамтамасыз етуге қатысты болса, 4-шісі азаматтық қоғамды сыбайлас жемқорлықпен күреске одан әрі кеңінен тарту. Тағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты мониторингілеу және жемқорлыққа қарсы әрекет ететін өкілетті органның қызметін одан әрі жетілдіру сынды міндеттерден тұрады.

Бармақ басты, көз қысты әрекеттерге адамдар ісін тезірек шешу үшін не қаржылық қиындықтан барады. Сондықтан, алдағы уақытта проблемасын жылдам шешуді көздейтін бизнесмендерге де тықыр таянбақ.

Жарқын Ғалымов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО департаментінің басшысы:

– Адал жұмыс істейтін компаниялар қаржылық түрде көтермеленуі тиіс. Әрине, тікелей емес, мемлекеттік сатып алулар не мемлекеттік қолдау көрсету кезінде. Мұндай шаралар шетелде кеңінен қолданылады. Шығыс Еуропа елдерінде адал жұмыс істейтін бизнесмендерге мемлекет барынша көмектеседі. Осындай жұмыс тәртібі бізде де енгізілсе жақсы болар еді. Сонда кәсіпкерлер жемқорлық фактілерін болдырмауға тырысады.

Айта кетейік, өткен жылы облыс аумағында 83 сыбайлас жемқорлық фактісі тіркелген. Оның 16-сы бизнеске заңсыз араласуға қатысты. Бірақ, кейде кәсіпкерлердің өздері де бармақ басты, көз қысты әрекеттерге барады екен. Айталық, 2021 жылы жемқорлық жасап ұсталған 70 азаматтың 15-сі – іскер жандар. Сондықтан болар, кездесуге шақырылғандардың дені – кәсіпкерлер. Жоба алғаш рет талқыланып отыр. Жиынға шақырылғандардан ұсыныс аса түскен жоқ. Бизнесмендер тек құжат жөнінде нақтылау сұрақтармен шектелді. Бірақ, кәсіпкерлердің әлі концепциямен танысып, оны жетілдіруге қатысты ұсыныстарын айтуға мүмкіндіктері бар. Ол үшін арнайы adal.com.kz сайты құрылған. Сонда кез келген адам өзінің пікірін жазып қалдыра алады.

Магжан Ахмадина