Білім

СҚО-да колледж педагогтары қысқа мерзімді біліктілікті арттыру курстарынан өтті

Дәл қазір кәсіби даярлау және сервис колледжінің 1-ші курс студенттеріне «Кәсіпкерлік қызмет негіздері» пәнінен сабақ сабақ өтіп жатыр. Аталған пән аясында жастар бизнес ашу мен оны жүргізудің қыр-сырын меңгереді. Юрий Луговой да оқытушының әрбір айтқан сөзін зейін қойып тыңдауда. Оның кәсіпкерлікке деген икемі әуелден бар. Жастайынан өзі жастар арасында сұранысқа ие “шоппер” атты сәнді сөмкелер тігеді.

Юрий Луговой, СҚ кәсіби даярлау және сервис колледжінің студенті:

– Мен тігінші мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Бүгінде көптеген дүниелерді өз қолыммен жасаймын. Еңбегімнің барлығы таныстарымның арасында аса сұранысқа ие. Сондықтан, қазір мен бизнес-жоспар құрып, болашақта шағын дүкенімді ашпақ ниеттемін. Ал бизнесті қалай дұрыс жүргізу қажеттігін және қаржылық сауаттылықты арттыруда маған осы «Кәсіпкерлік қызмет негіздері» пәні көп септігін тигізуде.

Бүгінде Солтүстік Қазақстан кәсіби даярлау және сервис колледжінің студенттеріне дұрыс бизнес-жоспар құру мен нарықтың жаңа трендтері жайлы Елена Третьякова түсіндіреді. Оқытушы бұл білім ордасында небәрі 2 жыл еңбек етеді. Ұстаз ізденуден жалықпайды. Өткен жылдың қараша айында Елена Сергеевна бизнес саласы бойынша қысқа мерзімді біліктілікті арттыру курстарынан өткен.

Елена Третьякова, СҚ кәсіби даярлау және сервис колледжінің оқытушысы:

– Нарық жиі өзгеріп отырады, онымен қоса бәсекелестік те артуда. Бұл курс арқылы мен өзім үшін көп жаңалық аштым. Көптеген нәрселерге жаңа көзқараспен қарайтын болдым. Білген-түйгенімді қазір өз студенттеріме үйретіп жатырмын. Бүгінде көбінің бизнес ашып, мол пайдаға кенелгісі келетіні түсінікті. Алайда, базалық білім болмаса, құр идея жеткіліксіз. Сондықтан, жастар үшін «Кәсіпкерлік қызмет негіздері» пәні зор мүмкіншілік береді деген ойдамын.

Өңірде жеке кәсіп ашып, нәпақа табамын дейтін жастар жетерлік. Бірақ, бәрі бірдей бизнестің қыр-сырын біле бермейді. Осы орайда 2019 жылы Білім және ғылым министрлігі “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе “Кәсіпкерлік қызмет негіздері” пәнін колледж бағдарламасына енгізген. Ал оқытушылардың кәсіби-педагогикалық біліктілігін арттыру үшін кәсіпкерлер палатасы қысқа мерзімді курстар ұйымдастырған. Дәрістер жиынтығы 80 сағаттан тұрады. Өткен жылы өңірде осындай курстардан 4 бірдей жекеменшік колледж оқытушылары өткен.

Ирина Торопова, облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім сарапшысы:

– Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап «Кәсіпкерлік қызмет негіздері» пәні техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары үшін Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына негізгі пән ретінде енгізілді. Бұл пәнді студенттерге тиісті курстардан өтіп, арнайы сертификат алған педагог ғана оқыта алады. Біздің ойымызша нәтижесінде жастардың қаржылық сауаттылығы мен кәсіпкерлікке деген қызығушылықтары артады.

Жалпы, облыста 3 жыл ішінде қысқа мерзімді біліктілікті арттыру курстарынан колледждердің 50 оқытушысы өткен екен.

Дана Ешкенова