Экология

Облыста балық құтқару жұмыстары жүріп жатыр

Бұл Есіл өзенінің 4-ші учаскелік жайылмасы. Көктемде еріген қар мен жаңбыр суы осында кеп жиналады. Тиісінше, балықтар да Есілден үйірімен ажырап, осы жерді мекен етеді. Бірақ, қақаған қыста қалыңдаған мұздың салдарынан ауа жетпей су жануарларының өмір сүруі қиындайды. Мұның алдын алу үшін бүгін жайылмада арнайы құтқару жұмыстары жүргізілуде.

Таңғы сағат 9-да балық шаруашылығы инспекциясының мамандары жайылмаға тор тастаған. Араға 4-5 сағат салып 200-300 метр болатын ау шығарылып жатыр. Іліккен ірілі-ұсақты балықтардың санында есеп жоқ. Қазір мамандар тіршілік иелерін екіге бөлуде. Денелеріне зақым келген және әлсіз балықтар базар сөрелеріне жөнелтіледі, ал қалғандары жаңа мекенге жіберіледі.

Амангелді Қажығалиев, Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы:

– Мұздың қалыңдауы мен су көлемінің ысылуы көктемде балықтың қырылуына әкеп соқтыруы мүмкін. Мәселен, біз тұрған жердің жалпы тереңдігі – 1 жарым метр, ал мұздың қалындығы 80 см-ді құрайды. Бұған дейін осы аумақтан 5 мың балық аулап алып, Есіл өзеніне апарған болатынбыз.

Балықтар қыстыгүні жайлы өмір сүруі үшін мұздың астындағы су деңгейі 2 метр болуы шарт екен.

Балық шаруашылығы инспекциясы мамандарының сөзінше су жануарларының орнын ауыстыру барысында кейбірі өмір сүруін тоқтатады. Бұл – шамамен 20%. Тіршілік иелерінің мертігіп қалуы қамыс арасында не тасымалдау барысында денелерін жарақаттап алуына байланысты.

Ал бүгін Есіл ағысына жіберілген балықтардың 95% тіршілік етуді жалғастырып кетті. Инспекция мамандарының айтуынша бұл – жақсы көрсеткіш.

Алдияр Айтпаев