ТЖ

Жыл басынан бері облыста 27 өрт оқиғасы тіркелді

Осыдан 2 бұрын Тайынша ауданына қарасты Многоцветное селосындағы тұрғын үйде қызыл жалын бас көтерді. Салдарынан ас үй мен кіреберіс бөлмелерге зақым келген. Сондай-ақ, баспананың қабырғаларын да күйік шалды. Кіреберістегі бөлме толықтай отқа оранған. Өкінішке қарай, құтқарушылар оқиға орнынан 73 жылы туған ер адамның денесін тапты.

Дмитрий Растихин,СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:

– Бүгінде өрттің шығу себебі мен марқұмның неден қаза тапқаны анықталып жатыр. Алдын ала болжам бойынша тұрғын жылыту жүйесін, яғни пешті қолдану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамаған болуы мүмкін. Айта кетейін, қызыл жалын шарпыған аумақ 54 шаршы метрді құрайды.

Ал келесі күні құтқарушылар Бескөл ауылындағы үйдің маңына салынған шаруашылық нысандағы өртпен арпалысты. Апат салдарынан нысанның шатыры мен қабырғалары күйіп кеткен. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Мамандардың сөзінше, тілсіз жау электр сымдарының қысқа тұйықталуынан бас көтерген.

Дмитрий Растихин, СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:

– Осы ретте тұрғындарға пеш пен электр қондырғыларын пайдалану кезінде сақтық шараларын басты назарда ұстаңыздар деп айтқым келеді. Өйткені, орын алған апаттардың 81 пайызы жеке тұрғын үй секторларында тіркелген. Тағы қосарым, былтырғы жылмен салыстырғанда биыл иіс тиіп улану жағдайларының көбейгенін аңғардық. Мұның басты себебі – пештің жапқышын ерте жауып тастау мен құбырын уақытылы тазаламау.

Қазіргі таңда дәл осындай себеппен Айыртау ауданының 2 тұрғыны ауруханада ем қабылдап жатыр. Тұрғын үйлердің бірін жалдап келген жандар пештің мұржасын уақытынан бұрын жауып тастаған.

Алтынай Казиканова