Қоғам

Жұмыссыз жүрген қазақстандықтар екі қолға бір күрекпен қамтылады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған мәліметке сүйенсек алдағы уақытта Қазақстандағы жұмыс орындарының жартысынан астамы автоматизацияға ұшырауы мүмкін. Яғни, адамдардың орнын заманауи машиналар алмастырмақ. Мұны мамандар елдегі қызмет түрлерінің қарқынды түрде сандық форматқа көшіп жатқанымен байланыстаруда. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бағалауы бойынша біздегі көрсеткіш аталған ұйымға кіретін елдерден 5 пайызға асып кетіпті. Көрші жатқан Ресейдің өзінде статистика 47 пайызды көрсетіп тұр, ал Қазақстанда – 52 пайыз.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше өткен жылдың үш тоқсанында 8 мың 700 отандасымыз жұмысынан қысқартылыпты, кәсіпорынның жабылуына байланысты 3,5 мыңнан аса жан қызметінен босатылған. Қазіргі күні аталған мәселе Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан шешіліп жатыр. Ведомство жұмыссыз қалған адамдарды екі қолға бір күрекпен қамту бойынша кәсіпкерлікті дамытудың 2025-ші жылға дейінгі ұлттық жобасын әзірлеу үстінде. Мәселен, 2022 жылдан бастап тұрғындар электрондық еңбек биржасына біліктілікті арттыру және басқа да сұранысқа ие қызметтерді меңгеру бойынша өтінім бере алады. Бүгінде арнайы порталда 100-ден аса оқыту курсы жарияланған. Олардың 58-і тегін түрде беріледі.

Бердимурат Баймухан