Қылмыс

Петропавлда елордалық 30 жастағы баукеспе құрықталды

Оқиға желісіне толығырақ тоқталайық. Егде жастағы әйел “Уют” дүкенінен ауыр пакеттерін ұстап шығып, үйіне бет алған. Сол кезде белгісіз бір ер адам зейнеткерге өз көмегін ұсынып, қолындағы заттарын баспанасына дейін жеткізіп беруге ниет танытады. Пәтеріне дейін көтерілуге көмектескен қу зейнеткерден шөлдедім деп су сұрайды. Шөлін қандырған баукеспе сол бетте қарт адаммен қоштасып, кете барады. Кейін, көп ұзамай егде жастағы нәзікжанды ішінде 120 мыңнан астам теңгесі бар әмиянінің жоғалғанын анықтайды. Осыған ұқсас жағдай бірнеше күннен кейін 314-ші атқыштар дивизиясы көшесінде орын алған. Бұл жолы тағы бір зейнеткер 16 мың теңгесінен айырылып қалған.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері 30 жастағы жігітті құрықтаған. Ол елорда тұрғыны болып шыққан. Ұрланған ақшаны жеке мақсаттарына жұмсаған көрінеді.

Ерасыл Әскербек, қалалық №1 полиция бөлімінің тергеушісі:

– Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 1991 жылы туған бұрын сотталған Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны қылмысқа қатысы бар деген күдікпен ұсталды. Тергеу барысында оның Петропавл қаласына арнайы егде жастағы қарт адамдардың мүлкін ұрлау үшін арнайы келгендігі анықталды. Ол қарт адамдарға көмек көрсету айла-тәсілімен сеніміне кіріп, ақша қаражаттарын қолды етіп отырған.

Қазіргі уақытта аталған фактілер ҚР Қылмыстық кодексінің «Ұрлық» және «Тонау» баптары бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Ер адам қамауға алынды, тергеу жүргізілуде.

Дана Ешкенова