Білім

«Өрлеу» орталығының мамандары заманауи семинар өткізуде

Ұстаздарға әдістемелік көмек көрсету және оқушылардың білім алуға деген құштарлығын ояту. Жергілікті “Өрлеу” біліктілікті арттыру орталығының мамандары PISA халықаралық зерттеу жұмыстарына дайындық аясында семинар өткізуде.

Еске сала кетейік, аталмыш жоба 15 жастағы ұл-қыздардың функционалдық сауаттылығының 3 бағытта даму деңгейін анықтайды. Яғни, оқу, жаратылыстану және математика пәндері бойынша. Халықаралық зерттеу жұмыстарына әлемнің 70 елінің мектеп оқушылары мен ұстаздары қатысады. Заманауи жобадан Қазақстан да шет қалмай, 3 жыл сайын ат салысып отырады. Бүгінгі таңда Мамлют ауданының Меңгесер орта мектебінің базасында оқу сауаттылығынан алғашқы семинар өтіп жатыр.

Гүлден Ақмағамбетова, «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы СҚО бойынша ПҚ БАИ зертхана меңгерушісі:

– Бірінші семинар аясында оқырмандық құзыреттілікке оқытуға үйрету әдістемесіне, қазіргі жасөспірімдердің оқуға деген көзқарасына байланысты проблемалар талқыланады және нақты шешімдер ұсынылады. Олардың бірі – стратегиялық тәсіл. Ол біріншіден, оқуға деген ынтаны арттыруға ықпал етеді. Екіншіден, оқушылардың ойлау белсенділігін арттырады. Үшіншіден, оқушылардың креативті және дивергентті ойлауын дамытуға мүмкіндік береді.

Алтынай Казиканова