ТКШ

Қала сыртына 200 мың текше метр қар шығарылған

Тұрғындар арыз-шағымдарын 109 нөмірі бойынша қаладағы iKOMEK ситуациялық орталығына жеткізе алады дейді мамандар. Телефон тұтқасында отырған қызметкерлар жерлестеріміздің сұрақтары мен ұсыныстарын жазып алып, коммуналдық кәсіпорындарға жеткізеді. Желтоқсан айынан бері орталыққа 441 өтініш келіп түскен.

Ернар Байсейітов, қалалық ситуациялық орталығы басшысының орынбасары:

– Орташа есеппен ситуациялық орталыққа күніне 10-ға жуық қоңырау келіп түседі. Қала тұрғындары көбінесе қар тазалау, оны шығару, көше жолдарына инертті материал себу секілді өтінішпен хабарласады. Ақ ұлпа түскен күндері қоңырау саны 50-ге дейін жетеді.

Атқарылып жатқан шаруаға шаһар тұрғындары көңілдері толатынын жеткізді. Сондай-ақ, коммуналдық қызметкерлерге өз ұсыныстарын да айтады. Сөздерінше, аялдамалардың алды тайғанақ. Сол себепті, инертті материал себуді сұрайды. Әйтпесе адамдар құлап, жарақат алып қалулары мүмкін.

– Жақында көрші Ресейдің бірнеше қаласында болдым. Ол жақта қарды біздегідей тазаламайды екен. Мысалы, Омбы, Екатеринбург және Уфа қалаларымен салыстыратын болсақ, Петропавл көшелері әлдеқайда таза.

– Қар тазалау жұмыстары жақсы жүріп жатыр. Техникалар күнде көшеге шығады. Бір өтінішім – автобус аялдамаларының алдындағы мұзды ойып тастаса немесе инертті материал сеуіп қойса екен. Әйтпесе, өте тайғанақ.

Көшедегі қозғалысқа кедергі келтірмеу үшін коммуналдық қызметкерлер шаруаның баасым бөлігін түнгі уақытта атқарады. Қазіргі күні мамандар Петропавл сыртындағы полигондарға 200 мың текше метр қар шығарыпты.

Әсем Айтулова, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Биылдан бастап біз «Благоустройство-Север» серіктестігімен келісімшарт жасастық. Олар күнделікті түнгі 22:00-ден таңғы 06:00-ге дейін жұмыстар атқарады. Қала 9 маршрутқа бөлінген. Күнделікті 150-ден астам техника көшеге шығып жолдарды тазалайды.

Ал қала тұрғындары мен кәсіпкерлер ауласында тазалаған қарды Шаховское полигонына апарып төге алады. Аталған орын тәулік бойы ашық тұрады дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандары.

Бердимурат Баймухан