Спорт

Шаңғымен жүгіруден облыс чемпионаты өтті

Сықырлаған саршұнақ аяз бет қаратпайды. Бірақ, табиғаттың мұндай қыңыр мінезі қысқы спортты жандарына серік еткен жастарға еш кедергі емес. Қаламыздың Борки кентіне дода десе ішер асын жерге қоюға әзір жүздеген ұл-қыз жиналып отыр. Шаңғы жарысы бойынша өңірдің аға жаттықтырушысы Ринат Мухиннің айтуынша, жастардың спорттың бұл түріне деген қызығушылығы жыл санап артып келеді.

Ринат Мухин, шаңғы жарысы бойынша облыстың аға жаттықтырушысы:

– Облыс чемпионатына 275 ұл-қыз қатысуда. Басым көпшілігі – 9 бен 10 жастағы балалар. Ал былтыр бар болғаны 150-ге жуық спортшы бақ сынаған болатын. Бұл шаңғы спортына әуестенетін жастардың қатары артып келе жатқанын білдіреді. Тағы айтарым, осы күнге дейін сайысқа тек 5-6 ауданның оқушылары келіп жүрді. Бүгін бүкіл 13 ауданның жеткіншектерін көріп, қуанып қалдым.

«Шаңғы тебу – иммунитті нығайтып, бұлшық ет жұмысын жақсартады»,- дейді Асылхан Есенгелді. Жамбыл ауданына қарасты Благовещенка ауылының тумасы спорттың бұл түрімен 4 жыл бойы айналысып жүр екен. Мектеп оқушысы облыстық жарыста үздік атанып, республикалық кезеңге өтуге ниетті.

Асылхан Есенгелді, жарысқа қатысушы, Жамбыл ауданы:

– Қазір ауданмен 10-шы орындамыз. Ауданнан 9 адам келдік. Оның ішінде – 4 қыз, қалғандары – ер балалар. Олар: 2004, 2005 және 2007, 2008, 2009-жылғылар.

Дәстүрлі дода қаңтардың 21-і күні бастау алды, ал 22-сі өз мәресіне жетті. Айта кету қажет, қатысушылар жас категорияларына қарай түрлі қашықтықта мықтыны анықтады.

Ринат Мухин, шаңғы жарысы бойынша облыстың аға жаттықтырушысы:

– 2008-2009-жылы туған балалар 3 шақырымды еңсеруі керек. 15-16 жастағы қыздар үшін де осындай норма. Ал 2004-2005-жылы туғандар 5 километрге жүгіреді. Олардан 1 жас үлкен ұлдар 7 жарым шақырымды бағындырулары қажет. Облыстық сайыста үздік атанған қатысушылар республикалық кезеңге жолдама алады. Ақтөбе қаласында ұйымдастырылатын чемпионат ақпанның 7-сі басталады.

Енді 2 күндік сайыстың қорытындысын баян етейік. Аққайың ауданынан келген команда 3-ші орынға табан тіреді. Екінші орын Солтүстік Қазақстан облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің балаларына бұйырды. Ал бас жүлдені Қазбек Байболов атындағы облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің командасы еншіледі.

Алтынай Казиканова