Аптадағы маңызды жаңалықтар

Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесті

Жақында ғана бизнес өкілдерімен кездескен мемлекет басшысының пікірінше, аз ғана элиталық топтар ықпалының артуы және халықтың басым бөлігінің табысының азаюы қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндірді. Бұл қоғамның экономикалық, әлеуметтік, содан кейін саяси бөлінуіне әкеп соқтыруы мүмкін дейді Қасым-Жомарт Тоқаев. Осыған орай тұрғындардың тұрмыс жағдайын көтеру мәселесі бойынша жұмыс жасау қажет екенін қадап айтты.

ҚасымЖомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ұлттық табыстың әділ бөлінуі бойынша теңгерімсіздік пен проблеманың бар екені айдан анық. Халықаралық сарапшылар Қазақстан байлығының жартысы 162 адамның ғана қолында екенін растап отыр. Осы ретте халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды. Бұл – жылына 1300 доллардан сәл ғана асады деген сөз. Мұндай ақшамен өмір сүру мүмкін емес. Бұлай жіктелу мен теңсіздіктің қауіпті екенін айтқан болатынмын. Жағдайды дереу өзгерту керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес-қауымдастықты осыдан сабақ алып, Жаңа Қазақстанның негізі болуға тиісті жаңа экономикалық саясатты қалыптастыру үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Президенттің сөйлеген сөзінде мынадай маңызды қағидаттар айтылды:

– әділ бәсекелестік;
– қабылданатын шешімдердің ашықтығы;
– мемлекеттік саясаттың болжамдылығы;
– бизнестің салықтық тазалығы;
– кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнеске қолдау көрсету керектігін айтты. Солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер Президент бастамаларын қолдап, өздерінің ұсыныстарын да айтты. Мәселен, Владимир Богданов қазіргі күні микробизнес өкілдерінің мойнынан салықтың барлық түрін алып тастау керек деп есептейді.

Владимир Богданов, СҚО Кәсіпкерлер палатасы жанындағы өңірлік кеңесінің мүшесі:

– Отбасылық бизнестен, яғни адам жалдамай жұмыс жасайтын іскер жандардан табыс салығын алып тастаған жөн. Себебі, олар – өз жанұясы үшін маңдай термен жұмыс жасап, несібесін тауып отырған жандар. Бұл да халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге деген жақсы қолдау болады. Осылайша, қарапайым кәсіпкерлер бизнесін кеңейтіп, басқа да адамдарды екі қолға бір күрекпен қамтитындай мүмкіндіктері туады. Әзірге, олар үшін зейнетақы аударымдары ғана жеткілікті деп ойлаймын.

Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлдермен өткізген жиында: “Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құрып жатырмыз. Біздің кездесуіміз – бизнестің үнін билік естиді, салалық және құрылымдық саясатта барлық конструктивті ұсыныстар ескеріледі дегенді білдіреді”, – деді. Осыған орай мемлекет басшысы Үкімет жанынан Отандық кәсіпкерлер кеңесін құруды тапсырды. Сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық реформалардың әрбір бағыты бойынша бизнес өкілдерінің қатысуымен жобалық топтар құру қажеттігін айтты. Ал облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы өңірлік кеңестің төрағасы Олег Иванов жергілікті іскер жандарды мемлекет басшысының бастамаларын қолдауға шақырады.

Олег Иванов, СҚО Кәсіпкерлер палатасы жанындағы өңірлік кеңесінің төрағасы:

– Бизнес өкілдері мемлекет басшысы қабылдап жатқан реформаларды қолдауы қажет. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ат салысып, азаматтардың тұрмыс жағдайын көтеруге үлес қосулары тиіс. Кәсіпкерлермен әділ бәсекелестік аясында жұмыс жасауымыз керек.

Сонымен қатар, жиын барысында Президент «Қазақстан халқына» қорын құру туралы бастамасын қолдап, қаржы аударған бизнес өкілдеріне алғыс айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев мұны бюджет қоры емес, Қазақстан халқының қоры екенін тағы да қайталады. Сондықтан, оның жұмысы ұзақ бюрократиялық рәсімдерсіз атқарылуы тиіс және батыл шешімдер қабылдануы керек. Көмек нақты, шұғыл және атаулы болуға тиіс. Ірі компаниялардың бәрі жыл сайын табыс салығының Үкімет белгілеген бөлігін пайдалы әрі қайырымдылық істермен айналысатын Қорға аударып тұрады. Бизнес-қоғамдастық бұл бастаманы шынайы түрде қолдайды және жобаларды жүзеге асыруда Қорға көмектеседі деп үміттенемін, – деді Президент.

Бердимурат Баймухан