МТРА жаңалықтары

Есірткі бизнесімен айналысқан петропавлдық ұзақ жылға сотталуы мүмкін

Өткен жылдың жазында облыс орталығында есірткі бизнесімен айналысқан жігіт құрықталды. Петропавлдық полицейлер 24 жастағы қала тұрғынынан 30 грамнан астам синтетикалық есірткі тәркіледі. Зиянды дүниенің 23 полимер орамаға салынған бір бөлігі ер адамнан ұстау сәтінде алынған. Ал екінші жартысы өзі жасырған 22 орыннан табылған. Құқық қорғаушылардың сөзінше, бұл – аса ірі көлемдегі психотроптық зат. Оның қара нарықтағы құны 434 мың теңгені құрайды. Жақында іс сотқа жіберіліпті. Көлденең жолмен көк тиын тапқан теріскейлік алдағы уақытта 10 жылдан 20 жылға дейін темір торға тоғытылуы мүмкін.

Руслан Үмбетов, СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі:

– Алынған психотроптық заттардың жалпы салмағы 31 грамды құрады. Ұсталған азамат қамауға алынды. ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі бойынша іс қозғалып, сотқа жіберілді.

Бердимурат Баймухан