МТРА жаңалықтары

Алматыдағы тәртіпсіздікті тоқтатуға қатысқан әскерилер өңірге оралды

Әнұранды асқақтата шырқап тұрған – Ұлттық ұланның 6637 әскери бөлімінің қызметкерлері мен жауынгерлері. Арасында Ерасыл Қаскенов те бар. Ол өткен жылы әскерге шақырту алып, сонау Жамбыл облысынан Петропавлға Отан алдындағы борышын өтеу үшін келген. Тепсе темір үзер жігіт бүгінге дейін азаматтық парызының тең жартысын өтепті. Жақында қатарластарымен бірге Алматыдан оралды. Сарбаз оңтүстік астанада орын алған тәртіпсіздікті тоқтатуға қатысты. Бүгін жауынгер облыстық полиция департаменті бастығының алғысы жазылған дипломмен марапатталып отыр.

Ерасыл Қаскенов, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері:

– Қоғамдық тәртіпті сақтап, заң бұзған тұлғаларды құрықтадық. Бүгін 6637 бөлімінің бірқатар маманы марапатталды. Бұл тізімде мен де бармын. Полиция департаментінің алғыс хатын алдым. Бұл алғыс хат бізге адал қызметіміз үшін берілді.

Алматыдағы тәртіпсіздікті тоқтатуға петропавлдық сарбаздар қаңтардың 5-і күні кіріскен. 100-ден астам жігіт комменденттық сағат кезінде қаланың тыныштығын қамтамасыз етіп, құқық бұзған 20 адамды құрықтауға ат салысыпты.

Дінмұхамед Абылаев, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімі рота командирінің орынбасары:

– Ер жігіттің мойнындағы қыл арқан үзілмейді дейді ғой. Әскерге келуімдегі басты себебім де осы. Өз Отанымды қорғау. Бұл – бала кездегі арманым. Әрі қарай да елім, жерім, Отаным деп адал қызмет ете беремін.

Жалпы, арнайы жиын барысында 20 офицер “Орталық” өңірлік қолбасшылығының алғыс хатымен және тағы 15 адам Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаевтың атынан дипломмен марапатталды.

Алдияр Айтпаев