Денсаулық сақтау

СҚО-да өткен жылы жатыр мойны обырынан 14 нәзікжанды көз жұмды

Жатыр мойны обыры – әйелдер арасында жиі кездесетін індеттердің бірі. Әлем бойынша аталған дерт сүт безі қатерлі ісігінен кейін екінші орында тұр. Еліміздегі ахуал да мәз емес. Жыл сайын Қазақстанда аталған ауруға 2 мың нәзікжанды шалдығады екен. Күн сайын жатыр мойны обыры екі келіншектің өмірін жалмайды.

Наида Набиуллина, облыстық көпбейінді аурухананың онкологиялық орталығының онкогинекологы:

– Індеттің алдын алудың екі жолы бар. Біріншісі – вакцинация. Жатыр мойны обырына қарсы екпе қойдыру Қазақстанда әлі жоқ. Бұл дәрігерлер тобымен зерттеліп жатыр. Алдағы 2 жылда иммундау шарасы енгізіледі деген ойдамыз. Автрия елі вакциналауды 12 жыл бұрын қолға алды. Бүгінде жатыр мойны қатерлі ісігін толығымен жойды деуге болады. Қазір аталған тәжірибеге көршілес Өзбекстан мен Қырғызстан елдері де сүйенуде.

Профилактиканың екінші түрі – скрининг. 30 бен 70 жас аралығындағы нәзікжандылар аталған тексерістен әр 4 жыл сайын өтуі тиіс. Алайда, кей солтүстікқазақстандықтар бұл процедураға мән бермей, үнемі кейінге қалдырады. Былтыр бақылаудан өтуге облыс бойынша 24 мың адам міндеттелген. Олардың 22 мыңнан астамы дәрігерге барыпты. Қалғандары қолдарын бір сілтеген көрінеді. Денсаулыққа бейжай қараудың салдары қауіпті. Бүгінде жатыр мойны обыры диагнозымен онкологиялық орталық есебінде 499 әйел тұр.

Наида Набиуллина, облыстық көпбейінді аурухананың онкологиялық орталығының онкогинекологы:

– Олардың тең жартысында қатерлі ісіктің – 1-ші, тағы 223-інде екінші сатысы анықталды. Ал, 24 келіншектің бойындағы ауру – үшінші, екі нәзікжандыда 4-ші сатыға дейін ушыққан. Бұрын жатыр мойны обыры егде жастағы әйелдерде жиі кездесетін. Бүгінде статистика мүлдем басқа. Қатерлі ісікпен тіпті 23 жастағы қыздар да ауырып жатыр. Індет алғашқы уақытта мүлдем білінбейді. Яғни, симптомсыз өтеді. Тек ауру қатты өрбігенде ғана денсаулық сыр бере бастайды.

Сондықтан, ақ халаттылар дабыл қағып, нәзікжандыларды жауапкершілікке шақырып жатыр. 30-дан 70 жасқа дейінгі әр әйел міндетті түрде скринингтен өту тиіс әрі жыл сайын гинеколог маманның қарауына барған жөн. Соңғы кеңес жас қыздарға да қатысты. Бұл қатерлі ісіктің алдын алуға және бастапқы кезеңінде анықтауға мүмкіндік береді. Яғни, мұндай жағдайда дерттен толық айығуға мүмкіндік зор. Ал, дәрігер көмегіне кеш жүгінгендер жатыр мойны обырынан ажал құшуы мүмкін. Былтыр індеттен 14 солтүстікқазақстандық көз жұмған.

Эльмира Садвокасова