Спорт

Кәкімбек Салықовтың дүниеге келгеніне – 90 жыл

Мерейтойға орай Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Қара өлеңнің жезкиігі» атты поэзиялық кеш ұйымдастырылды. Біртуар тұлғаның алғашқы өлеңдер жинағы 1977 жылы «Сыр» деген атаумен жарық көрген. Дәл осы жылы «Жезкиік» атты жыр жинағы орыс тіліне аударылған. Бар ғұмырын қазақ руханиятының дамуына арнаған азамат жүрекжарды туындылардан бөлек, «Дала», «Қырандар», «Гәкку», «Тәттімбет», «Домбыра», «Қарақалпақ», «Кенесарының соңғы сөзі» сында бірқатар поэма да жазған.

Марал Оспанова, ақын, ҚР Журналистер одағының мүшесі:

– Ақын ретінде ол кісіні қатты бағалаймын. Өзім үшін Кәкімбек Салықовтың өлеңдері өте қымбат. Әр туындысының мағынасы зор. Оқып отырған кезде толқыныс сезімі пайда болады. Көрнекті ақынды қашанда үлгі тұтамыз. Оны қазақ әдебиетінің үлкен тұлғасы деп есептейміз.

Әлім Төлебаев, Кәкімбек Салықовтың жерлесі:

– Кәкімбек Салықов кезінде Мәскеудің түрлі түсті металдар институтын өте жақсы бітіріп, Жезқазғанда өзінің еңбек жолын бастаған. Сонда жүріп, қатардағы инженерден Обкомның хатшысына дейін көтерілді. Ол кезде инженерлікпен қатар өлең жазуды да бірге алып жүрген. Ол кісінің өлеңдерінде біздің жерлесіміз, ғұлама ақын Мағжанға ұқсас жерлері де бар. Мағжаннан алған тәлімдері білінеді.

Алтынай Казиканова