Денсаулық сақтау

Әлемде коронавирус өршіп тұр

2-ші ақпаннан бастап сән әлемінің отаны Франция елінде бірқатар жеңілдіктер енгізіледі. Мысалы, қоғамдық іс-шараларға қатысушылардың санын шектеу, көшеде міндетті түрде маска тағу секілді талаптар алынып тасталады. Сонымен қатар, қашықтықтан жұмыс істеп жүрген жандар қайтадан өз қызмет орнына оралмақ. Ал 16-шы ақпаннан бастап француздарға түнгі клубтар мен мәдениет нысандарына баруға рұқсат беріледі. Бұндай өзгерісті эпидемиологтар елде жүргізіліп жатқан вакцинация қарқынымен байланыстырып отыр. Себебі, ол жақта тұрғындардың шамамен 80%-ы covid-19-ға қарсы екпе алған. Ал қазір бустерлік дозамен белсенді түрде ревакцинация жүріп жатыр.

Жан Кастекс, Францияның Премьер-министрі:

– Бұл эпидемиялық толқын әлі аяқталған жоқ. Бірақ, біздегі жағдай жайлап оңала бастады. Айта кету қажет, 24-ші ақпаннан бастап елімізде вакцинация паспорты енгізіледі. Қоғамдық орындардың көбіне осы құжат арқылы ғана кіруге рұқсат етілетін болады. Сонымен қатар, жақын арада 12 мен 17 жас аралығындағы балаларды ревакциналау басталады.

Ал Мексикадағы жағдай әлдеқайда нашар. Жақында аталған елде COVID-19-ды жұқтыру бойынша антирекорд тіркелді. Яғни, қауіпті індетке күніне 60 мыңнан астам адам шалдыққан. Эпидахуал Германия елінде де нашарлап бара жатыр. Омикрон штамы жеткелі коронавирус жұқтырғандардың саны тәулігіне 110 мыңнан асып кеткен. Айта кеткен жөн, дәрігерлер жаңа штамды науқастанғандардың 70%-нан тауып жатыр.

Бердімұрат Баймұқан, тілші:

Германия міндетті вакцинацияны енгізу мәселесін қарастыруда. Алайда, екпе бәріне бірдей салынбауы мүмкін. Шетелдік мамандар әскери адамдарды, дәрігерлер мен басқа да жеке медициналық ұйым өкілдерін және стоматология қызметкерлерін жаппай иммундауды жоспарлап отыр.

Коронавирус Грузиядағы туризм саласына үлкен зиянын тигізді. Мәселен, өткен жылы бұл елге 2 млн-ға жуық шетелдік азамат демалуға келген екен. Бұл көрсеткіш биыл 80%-ға кеміпті. Жаңа жылда жағдай оңала бастаған, бірақ омикрон штамының тез таралуы бәрін ушықтырып жіберген көрінеді.

Амиран Гамкрелидзе, ауруды және қоғамдық денсаулықты бақылау орталығының басшысы, Грузия:

– Жалғыз жағымды жаңалық – өлім-жітім көрсеткіші азаюда. Елімізде науқастанып қалған жандардың 50%-ы омикрон жұқтырған. Ахуал Тбилисиде мүшкіл. Ел астанасында індетке шалдыққандардың 65%-ы омикронмен ауыруда. Ал аймақтардағы көрсеткіш 30-35%-ды құрайды.

Грузияда омикрон негізінен жастар арасында көп таралуда. Ауру жұқтырғандардың дені – 30 жас шамасындағы жастар. Ал өз елімізге келер болсақ, бүгінгі таңда Қазақстанда Түркістан облысы ғана «сары» аймақта тұр. Қалғанының барлығы -«қызылда». Соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысы 5 күннен бері – “қызыл” аймақта. Соңғы тәулікте инфекция 182 солтүстікқазақстандықтан анықталды. Науқастанып қалғандардың басым бөлігі – петропавлдықтар. Облыс орталығында 90 жағдай тіркелген.

Бердимурат Баймухан