Құқық қорғау органдары

Президент Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен кеңес өткізді

Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен кеңес өткізді. Жиын барысында Президент геосаяси жағдайды және аймақтық деңгейдегі өзекті сын-қатерлерді ескере отырып, Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери дайындығын түбегейлі арттыруды талап етті. Ол үшін бірқатар міндетті орындау қажет. Жоғарғы Бас қолбасшының пікірінше, ең алдымен ел басшылығын сыртқы және ішкі қауіп-қатерлер туралы уақтылы әрі нақты ақпараттармен қамтамасыз етуге тиісті әскери барлау қызметін күшейту керек.

Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес құрылатын Арнаулы операциялар жөніндегі күштердің Басшылығына маңызды миссия жүктеледі. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев қару-жарақ сақтайтын нысандарда төтенше жағдайлардың қайталануына жол бермеу қажеттігін еске салды. Осыған байланысты Президент қару-жарақтардың сақталу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, пайдалануға жарамсыз және әрі қарай сақтауға қауіпті қару-жарақтарды жою шараларын жүзеге асыруды жалғастыру керек екенін айтты. Тағы, кеңес барысында Мемлекет басшысы Қазақстан армиясының техникалық және жауынгерлік жабдықтарын жаңартуды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Әскердегі қару-жарақтың дені – 30-50 жыл болған кеңес дәуіріндегі техника. Ескірген техникалардың мерзімінің өткеніне байланысты қару-жарақ паркін жаңарту үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет. Қарулы Күштер заманауи әрі жоғары технологиялық қару-жарақпен, әскери техникамен жабдықталуы тиіс. Қабылданатын шаралар жүйелі болуы керек. Қару-жарақ пен әскери техниканы жөндейтін, оларға қызмет көрсететін отандық өндірісті дамыту қажет.

Дана Ешкенова