Балалар

Қазіргі балалардың кітап оқуға деген құлшынысы аз

Алтынай Алтайқызының кітап оқуға деген қызығушылығы Мағжан Жұмабаевтың “Мен жастарға сенемін” өлеңінен басталған. Жеткіншек 4-5 жасқа дейін тек орысша сөйлеген екен. Қызын ана тілінде сөйлету мақсатында анасы әйгілі би-шешендердің, жазушылардың туындыларын оқыта бастаған. Нәтижесінде қазір Алтынай қазақшаға судай әрі білім көзі – кітап оқуға құмар.

Алтынай Алтайқызы, Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы:
– Қазір кітап қандай жанрда болмасын, оқи беремін. Тек өзіме ұнаса болды. Кітапханаға жиі келе бермеймін. Үйдегі кітап сөрелері оқуылықтарға толы. Соларды оқимын. Оқыған кітабымды толық есіме сақтай аламын деп айта алмаймын. Бір кезде басы мен ортасын, кей оқулықтардың соңғы жағы есімде қалады.


Қазіргі таңда Алтынай шетелдік жазушылардың да кітаптарын оқып жүр екен.

Алтынай Алтайқызы, Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы:

– Ең соңғы оқыған кітабым – “Маленький принц” романы. Сондай-ақ, жерлес жазушымыз Бақыт Мұстафиннің “Досыңды шақыр” деген кітабы қатты ұнады. Ол екі тілде жазылған. Мен оны орыс және қазақ тілінде оқып шықтым.

Бүгінде Алтынай сияқты кітап оқуды әдетке айналдырған жас ұрпақтың қатары сирек. Өңір жастарын ақындыққа баулып, сөздік қорларын арттыруға үлес қосып жүрген Аманжол Зағыпар мұны әлеуметтік желінің дамуымен байланыстырып отыр.

Аманжол Зағыпар, Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы “Жас қаламгер” клубының жетекшісі:

– Балалар үйінде болған кезде көп уақыттарын әлеуметтік желіде өткізеді. Осыған байланысты олардың есте сақтау қабілеттері төмендеп кеткен. Бұны әлемнің ғалымдары да анықтады. Кез келген нәрсені көру арқылы емес, оны оқу арқылы есте ұзақ уақытқа сақталады. Электронды оқыған кітап кітапхана мен үйде парақтап оқыған оқулыққа жетпейді.

“Жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған іс-шаралар тек мектеп пен кітапханада ғана жүргізілмеуі қажет. Үйде ата-анада баламен осы бағытта жұмыс жасауы тиіс”, – дейді Аманжол Зағыпар.

Аманжол Зағыпар, Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы “Жас қаламгер” клубының жетекшісі:

– Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі” деген сөз бар ғой. Сондықтан, әрбір отбасы ойлануы керек. Бос уақытты тиімді өткізіп, балаларын еңбекке үйрету қажет. Соның ішінде – кітап оқу. Бос уақытында ата-ана кітап пен газет беттерін ашса, бала да оны ішінде не қызық бар деп оқитын болады. Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба солай бағыт алады.

2022 жыл ел бойынша “Балалар жылы” болып бекітілді. Осыған орай Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық кітапханда ұл-қыздарды кітап оқуға қызықтыру үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Айта кету қажет, өткен жылы бұл мәдени ошаққа 15 мың жеткіншек келіпті.

Алдияр Айтпаев