Қоғам

Қазақ тілін оқыту жөнінен кезекті курстар бастау алады

Бұл мемлекеттік тілді меңгеруге ниетті қала тұрғындары. Қазір оқытушы оларға күнделікті өмірде қолданылатын сөздер мен сөйлемдерді үйретіп жатыр. Қатысушылардың жасы да, қызметі де әр түрлі. Мысалы, қатарда есепші, кәсіпкер, сатушы, мекеме басшылары да бар.
Галина Казанцева – мемлекеттік қызметші. Күнделікті көп адаммен сөйлеседі, мекемеге келген азаматтарға қызмет көрсетеді. Сол себепті, қазақ тілін үйренуді шешкен. Нәзікжанды былтыр оқу курсынан өтіп, сертификатқа ие болыпты.

Галина Казанцева, курс тыңдаушысы:

– Мен оқу курсына былтыр жазылдым. Қазақ тілін оқыған ұнайды. Оқытушылар сабақты жеңіл түсіндіреді. Былтыр 2 жарым ай оқыдым. Бүгінде мемлекеттік тілде сөйлеп жатқан адамдарды толық түсіне аламын. Бірақ, білімімді әлі де жетілдіру керек. Енді өзім қазақша сөйлеп үйренгім келеді.

Курс аптасына – 2 рет, нақтырақ айтсақ, сейсенбі мен бейсенбі күндері өтеді. Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін оқу жұмыстан кейін, яғни, кешкі сағат 7-ден басталады. Сабақ уақыты 80 минутты құрайды. Қазір мұғалім былтыр келген қатысушылармен жаңа оқу жылының бағдарламасын пысықтап, дайындалып жатыр. Мамандардың сөздерінше биылғы тіл үйрету тәсілі өткен жылғыдан ерекше.

Орал Жанатов, облыстық тілдерді оқыту орталығы басшысының орынбасары:

– Соңғы екі жылда Мәскеу университетінің профессоры Д.Петровтың әдісі қолданылып келеді. Бұл әдістің ерекшелігі етістіктермен жұмыс істеуге баса назар аударылады. Ал биыл тілдерді оқыту орталығының әдіскерлері тіл үйренушілерді Пимслер әдісімен оқытуды қарастырып жатыр.

Сондай-ақ, мұнда ағылшын тілін де үйренуге болады екен. Тілдерді оқыту орталығы басшысының орынбасары Орал Жанатовтың сөзінше шет тілден гөрі қазақ тілін үйренемін дегендердің саны жыл санап артып келеді.

Орал Жанатов, облыстық тілдерді оқыту орталығы басшысының орынбасары:

– Қазіргі күні ағылшынға қарағанда қазақ тілін оқитын топтар көп. Себебі, уақыт өткен сайын қазақ тілінде қызмет алу сұранысы артып жатыр. Сол себепті, қала тұрғындары мемлекеттік тілді үйренуге көптеп жазылады.

Айта кетейік, тілдерді оқыту орталығында ұйымдастырылатын сабақтарға облысымыздың кез келген тұрғыны қатыса алады. Мұнда кезекті оқу кезеңі ақпан айының 1-інен бастау алады. Қатысушылардың онлайн және офлайн түрде де білім алуға мүмкіндіктері бар.

Бердимурат Баймухан