Аптадағы маңызды жаңалықтар

Инфрақұрылым саласының алқа отырысы өтті

Өткен жылы өңірде жиынтық көлемі 344 мың шаршы метр тұрғын үй тұрғызылыпты. Тағы бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандар салынған. Жалпы, 2021 жылы құрылыс қарқынды жүргізілді дейді бейінді басқарма басшылығы. Қайрола Ғалеев биыл да салада ауқымды жұмыс атқарылатындығын тілге тиек етті.

Қайрола Ғалеев, СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:
– Биыл өңірде 401 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарда бар. Облыста қазір тұрғызылып жатқан 14 тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, 13 жаңа көпқабатты баспана салуды бастаймыз. Олардың 9-ы Қапай ауданында бой көтереді. Бұдан бөлек, 6 ауданда спорт кешендері және 5 мәдени нысан салынуда.
Тағы биыл облыс орталығында тұрғызылып жатқан 2 емхана мен көпсалалы аурухананың құрылысын аяқтау көзделіп отыр.

Құрылысы қызу жүріп жатқан 24 коммерциялық тұрғын үйдің 12-сінің құрылысы биыл аяқталуы тиіс. Осы ретте облыс әкімі Құмар Ақсақалов құрылыс компанияларының басшыларына шүйлікті. Өйткені, қалада салынып жатқан үйлер біртекті болып кеткен. Яғни, олардың архитектуралық стилі ойластырылмайды. Өңірде жобалаумен айналысатын компаниялар да аз. Сондықтан, олардың жасаған жұмыстарының бір-бірінен еш айырмашылығы жоқ.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
Бізге қаланың кейіпін аша түсетін жаңа архитектуралық шешімдер қажет. Коммерциялық негізде салынатын үйлердің төменгі қабаттарында дүкен, кеңселерден бөлек, жастардың, жалпы, түрлі жастағы жандардың демалысын өткізетін орындар болуы қажет. Әйтпесе, біз тұрғызып алып, сосын барып ойланып жатамыз. Облыста жобалаумен айналысатын негізгі 3-4 компания бар. Олардың жұмыстары бірін-бірі қайталайды әрі орындалуы ұзақ уақытқа созылады. Сондықтан, іске жаңаша ойлай білетін жастарды тарту қажет. Қаланың сырт келбетін өзгертуге тырысу керек.

Аймақ басшысы жұмысты уақытылы аяқтамай, құрылысты сағызша созып алатын компанияларды да сынға алды. Бұндай жағдайлар алдағы уақытта тіркелмеуі тиіс деп қадап айтты Құмар Ақсақалов. Баспана кезегінде тұрған әлеуметтік әлжуаз топ өкілдеріне айтарымыз, Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, енді олар үшін үйді жалдау құны субсидияланбақ. Яғни, пәтерді жалға алу бағасының 50 пайызын мемлекет өтейді. Жаңашылдық жақын арада енгізіледі. Тағы бір сүйінші хабар. Отбасы банкі өңір жастары үшін жаңа бағдарламаны іске қоспақ.

Алмас Жапабаев, «Отбасы Банк» АҚ СҚОФ директоры:
«Қызылжар жастары» деп аталатын жобаға баспанасы жоқ 35 жасқа дейінгі солтүстікқазақстандықтар қатыса алады. Берілетін несие мөлшері 13 млн теңгеден аспайды. Егер үйдің бағасы жоғары болса, өз ақшаларын қосуы қажет. Жылдық мөлшерлемесі 5 пайызды құрайды. Бастапқы жарнаның қажеті жоқ. Бірақ, қаржы болып жатса, 10 пайызын өтеуге де болады. Аталған бағдарлама бойынша тұрғын үйдің кез келген түрін ала алады.

Тағы жиында энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы бой көрсетіп, салада өткен жылы тындырылған жұмыстарды айтты. Былтыр 406 елді мекен сапалы ауызсумен қамтылған екен. Оған 10,3 млрд теңге қаржы жұмсалыпты. Биыл бұл жұмыс жалғасын табады. Осы ретте Құмар Ақсақалов жобалық-сметалық құжаттарды дайындағанда тұрғындардың қалтасын қақпайтындай етіп әзірлдеуді тапсырды.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
Ауызсуды елге кіргізгенде әрбір жерге құдық орналастыру қажет. Сонда суды үйіне тартамын деген тұрғындардың шығыны азаяды. Әйтпесе, құбыр тарту – машақатты іс әрі әрбір метріне қыруар ақша жұмсалады. Сондықтан, осыны жақсылап ойластырып, әр жобаны жіті қарастырған жөн. Сондай-ақ, жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер халыққа техникамен көмектесіп, тіпті, қажет болса жұмысшыларын беріп, іске жұмыла кірісу керек.

Жиында Петропавл жылу электр орталығының директоры да сөз алды. Ержан Қоңырбаев баяндамасын әдем-ақ оқып берді, бірақ өткен жылдың соңында орталықта болған екі апат жайлы ләм-мим демеді. Есесіне, аймақ басшысы осы жағдайларды еске түсіріп, алдағы уақытта мұндай оқиғалар қайталанбауы тиіс деп қадап айтты.

Магжан Ахмадина