Білім

Биыл студенттерге арналған гранттар саны 5 мыңға артады

Биыл қазақстандық жоғары оқу орындарына бөлінетін гранттардың саны 5 мыңға артады. Бұл жайында білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев мәлімдеді. Оның сөзінше биылғы гранттардың жалпы саны 61 мыңға дейін жетпек. Естеріңізге сала кетейік, 2021-ші жылы кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы – 5 мыңға, яғни, 51 мыңнан 56 мың грантқа дейін көбейтілген.

Тегін білім алу мүмкіндігі студенттер арасында сұранысқа ие мамандықтарға бөлінетін болады. Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жоғары білім алу қолжетімділігін арттыру үшін 2025 жылға дейін білім беру гранттарының саны кезең-кезеңімен тағы да 15 мыңға артады. Сонымен қатар, оларды бөлу кезінде әлеуметтік осал топ санатындағы азаматтар үшін квоталар қарастырылған.

Қуаныш Ерғалиев, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:

– Президенттің қолдауының арқасында қазақстандық мектептердің түлектері мемлекеттік бюджет есебінен оқуға мүмкіндік алады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалар үшін квоталар санын ұлғайттық. Яғни, көпбалалы немесе толық емес отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған талапкерлерге грант алу үшін әлдеқайда көп мүмкіндіктер қарастырылады.

Бердимурат Баймухан