Бизнес және экономика

Арнайы экономикалық аймақтарға қызметтің қосымша түрлерімен айналысуға рұқсат етілді

Еліміздегі кейбір арнайы экономикалық аймақтарға қызметтің қосымша түрлерімен айналысуға рұқсат етілді. Мұндай өзгеріс сыртқы экономикалық байланыстарды жандандыру, экономиканы қолдау және өңірлердегі әлеуметтік мәселелерді шешу, инвестиция, технология мен заманауи менеджментті тарту мақсатында орын алып отыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бекіткен тізімде «Qyzyljar» да бар. Шаһардағы арнайы экономикалық аймақта енді ағаш жоңқасы мен целлюлоза, қағаз және картон, гофрокартон, қағаз бен картоннан жасалған ыдыс, шаруашылық-тұрмыстық және санитарлық-гигиеналық мақсаттағы қағаз бұйымдары, фармацевтикалық өнімдер мен препараттар, ветеринАрияға арналған дәрілік препараттар шығарылатын болады.

Сонымен қатар, «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының аумағы қағаз және қағаз өнімдері өндірілетін зауыт салуға байланысты 15 гектарға ұлғайған. Жалпы, бүгінде Қазақстанда 13 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істеп тұр. 2002 жылдан бері барлығы – 307 жоба іске қосылған. 21 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылып, 30-дан астам жаңа өнім түрі шығарыла бастаған. Оның ішінде оптикалық көздеуіш, премиум-класты құбырлар, полипропилен жіптер сынды дүниелер бар.

Байболат Култанов