Спорт

Жергілікті университет қабырғасында спартакиада өтіп жатыр

Бүгін – жарыстың 3-ші күні. Бұған дейін волейбол мен арқан тартыста күш сынасқан мамандар қазір дәлдік пен ептіліктерін сынап жатыр. Дәлірек айтсақ, білім ордасының қызметкерлері дартс ойнауда.

Барлығы – 7 құрама, ал әр топта – 3 адамнан. Әрқайсысына 3 мүмкіндік беріледі. Ережеге сәйкес, ең көп ұпай жинаған ұжым жеңімпаз атанады. Бүгінгі сайысқа Тарих, экономика және құқық факультетінінің оқытушысы Татьяна Морозова тыңғылықты дайындалып келіпті. Ол мергендігімен танылуда.

Татьяна Морозова, Қозыбаев университетінің оқытушысы:

 Біздің команданың аяқ алысы жаман емес. Өзім осы сынды жарыстарға тұрақты түрде қатысып тұрамын. Жұмыстан бас алып, бір уақытқа осылай сергіп тұру қажет деп ойлаймын. Сайыс тартысты өтуде.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, университет қабырғасындағы жарысқа 100-ден астам маман қатысып жатыр. Олар 1 апта көлемінде спорттың 7 түрі бойынша өзара бақ пен бап таластыруда.

Айдарбек Құдыкенов, жарыс ұйымдастырушысы:

Волейбол жарысы, тоғызқұмалақ, шахмат, дартс, жүзу, арқан тарту және футзал. Бұл жарыс мұғалімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау және індеттен кейін денсаулықтарын нығайту мақсатында ұйымдастырылды. Облыстық жарыстар өтеді. Сол сайыстарға спартакиада да жақсы нәтиже көрсеткендерді апарамыз.

Ертең мамандар ала доп бәсекесінде мықтыны анықтамақ. Жарыс қорытындысы жұма күні шығарылады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге грамота және ыңталандыру сыйлықтары беріледі. Сондай-ақ, топ жарған командаға кубок табысталады.

Алдияр Айтпаев