Экология

Петропавлдағы балық питомнигінде 108 млн уылдырық өсірілуде

Қазір цехта сынап бағанасы +4 градусты көрсетіп тұр. Ал шыны ішіндегі судың температурасы тіпті төмен. Көрсеткіш 1 градусты құрайды. Мұндай жағдай уылдырықтардың дамуына мүмкіншілік береді екен. Оның себебін питомник өкілдері түсіндірді. Сөздерінше, дернәсілдер салқын температурада жақсы жетіледі. Бірақ, күтімді ұмытпау қажет. Мысалы, инкубаторлардағы тіршілік көзін тұрақты түрде ауыстырып отыру керек.

Бердімұрат Баймұқан, тілші:

Бүгінде мұндағы уылдырықтар даму сатысының 3-ші кезеңінен өтті. Қазір мен сіздерге оны көрсетемін. Былай жарық түсіріп, шынының ішіне үңілетін болсақ, қара нүкте байқаймыз. Бұл – уылдырықтың көздері. Ал 1 айдан кейін олардың омыртқасы мен ішкі құрылысы пайда болып, қауызынан жарылып шығады. Кейін құртқа ұқсайтын кішкентай шабақтар балық болып дами бастайды.

“Вейс” деп аталатын аппараттың ішіне 1 млн-ға жуық уылдырық сыяды. Бүгінде мұндағы қондырғыларда жалпы саны 108 млн-ға жуық тіршілік иесі бар. Олар 6 айдың ішінде балықтарға айналады. Өсіп-өнгеннен кейін, басым бөлігі «Сергеевка» мен «Петропавл» су қоймаларына жіберіледі.

Анастасия Молоткова, Петропавл балық питомнигі инкубациялық цехының меңгерушісі:

Біз балықтың “Сақа”, “Пелядь” пен “Рипус” деп аталатын түрлерін өсіріп жатырмыз. Биылғы мемлекеттік тапсырыс 35 млн-ды құрайды. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 53 млн теңге бөлінді. Уылдырықтарды жасанды түрде жетілдіру арқылы көп балық алуға мүмкіндік бар. Табиғатта бұл процесс әлдеқайда баяу болады.

Уылдырық өсіру оңай шаруа емес. Аппарат ішіндегі тіршілік иелері күні-түні күтімді қажет етеді. Қанша күш жұмсалса да дернәсілдердің 70 пайызы ғана өсіп-өнеді екен.

Бердимурат Баймухан