ТЖ

Петропавлда өрттен 6 адам құтқарылды

Петропавлда 5 қабатты үйден өрт шығып, 6 адам құтқарылды. Тағы 20 адам қауіпсіз жерге шығарылды. Әуезов көшесіндегі үйлердің бірінен өрт шыққандығы туралы хабар «101» нөміріне кеше таңғы 8-дер шамасында келіп түскен. От баспананың 2-ші қабатында бас көтерген. Анықтай келе, 86 жастағы кейуана марқұм болған зайыбын еске алу мақсатында майшам жағып, оны қараусыз қалдырған көрінеді. Содан ол жерге құлап, айнала отқа оранған. Құтқарушылар оқиға орнына жеткенде 3 бөлмелі пәтерде күллі жиһаз жанып жатқан. Өрт сөндіріліп, бүгінде келген шығын көлемі анықталып жатыр.

Марат Нұрғалиев, қалалық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары:

Жанып жатқан пәтерден 86 жастағы зейнеткер құтқарылды, оған дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсетілді. Барлығы 6 адам құтқарылды. Оның біреуі – бала. Түтінделген аймақтан 20 адам шығарылды. Өрт 09:10-да толығымен сөндірілді. Өрт сөндіруге жеке құрамнан 18 қызметкер және 3 негізгі, 1 арнайы техника жұмылдырылды.

Эльмира Садвокасова