Білім

Білім ұяларын жеке меншікке беру ісі жалғасады

Осыдан тура 2 жыл бұрын “Радуга” серіктестігі Бескөл ауылында колледж ашты. Басты мақсат – өндіріс саласындағы кадр тапшылығын жою. Бүгінде мұнда 50-ге жуық жас тегін білім алуда. Студенттерге шәкіртақы, ішер тамағы мен жүрер жолына қаржы да қарастырылған. Барлығын қоса алғанда ай сайын ұл-қыздардың банк картасына 40 мың теңгеден астам ақша аударылады екен.

Александр Бодуновский, “Бескөл мектеп-колледжі” ЖШС колледжінің директоры, Қызылжар ауданы:

– Біздің колледжде студенттер “Станок операторы” мамандығы бойынша білім алуда. Болашақта басқа да мамандық түрлерін ашпақшымыз. Дуалды оқыту жүйесі енгізілген. Яғни, оқу процесіне колледжбен бірге серіктестік де қатысады. Ұл-қыздар аптаның 4 күнін кәсіпорында өткізіп, тәжірибе толықтырады.

Колледжді тәмамдағаннан кейін жастарға диплом беріледі және бірден екі қолға бір күрек табылады. Тағы бір артықшылық, білім ордасында өткізген 2 жыл тәжірибе ретінде саналып, еңбек кітапшасына енгізіледі.

Пётр Шарапаев, “Радуга” ЖШС атқарушы директоры:

Колледжде 2 оқыту курсы қарастырылған. Биыл 20 жас қолдарына диплом алмақ. Алдағы уақытта оқыту үрдісін 4 курсқа дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Ондағы 1 курстың бағдарламасы тездетілген болмақ. Яғни, небәрі 10 айдың ішінде қыз-жігіттер мамандықты толыққанды игеріп шығады.

Сонымен қатар, өткен жылдың жазында “Радуга” серіктестігінің басшылығы бұрынғы Бескөл орта мектеп-гимназиясымен әріптестік орнатып, білім ұясын сенімді басқаруға алды. Кәсіпорын 50 жылдан астам тарихы бар оқу ошағына ауқымды көлемде инвестиция құйған. Бүгінде ғимарат адам танымастай өзгерген.

Бескөл мектеп-колледжінде дене шынықтыру сабақтары жаңа спортзалда өтуде. Мұнда ескірген еденнің орнын теп-тегіс паркет басқан. Су жаңа құрал-жабдық та алыстан көз тартады. Ал, бұл – асхана. Айта кетерлік жайт, бұған дейін мектепте тамақтану орны мүлде болмаған екен. Инвестиция құюдың нәтижесінде оқу ордасында ошағындағы бастауыш сынып кабинеттері мен интернатта күрделі жөндеу жүргізілген. Облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов атқарылған іске оң бағасын берді.

Алдағы уақытта өңірімізде оқу орындарын жеке қолға беру жұмыстары жалғаспақ. “Бірақ, бұл – ұзақ әрі күрделі процесс”,- дейді Ғани Нығыметов.

Ғани Нығыметов, СҚО әкімінің орынбасары:

– Былтырдан бастап біздің облыста мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмі аясында мектептерді жекеменшік ұйымдарға беріп жатырмыз.

“Жекенің қолына өту” мемлекеттік бақылаудан босатылады дегенді білдірмейді. Билік атқарылып жатқан істі және одан кейінгі жұмысты үнемі қадағалап отырады.

Дана Ешкенова