Аптадағы маңызды жаңалықтар

Әкімдік отырысында облыстағы эпидахуал баяндалды

Әсет Жұматаев, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– Республика мен өңірде санитариялық-эпидемиологиялық жағдайдың күрт нашарлауын байқап отырмыз. Пандемия басталғалы жағдайлардың ең көп саны 15-ші қаңтарда тіркелді. Ел бойынша 13 мың 523 жағдай. Өңірде тәулігіне 100-130 жағдай тіркелді.

Ахуалдың өңірде қаншалықты күрделі екенін мына статистикамен түсіндірейік. Осыдан 3-4 күн бұрын коронавирусқа шалдыққандардың саны тәулігіне 25-30 адамды құраған. Дәл қазір көрсеткіш бақандай 4 есеге көп. Бұл – Омикронның Солтүстік Қазақстанда әлі тіркелмеген кездегі жағдайы. Дельтамен бірге жаңа штамм да өлкеде бас көтерсе, күніміз не болады дейді мамандар.

Әсет Жұматаев, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– Репродуктивті сан 2,4 есеге өсті. Бұл пандемияның жаңа толқыны келгенін білдіреді. Қазақстанда “Омикрон” штамы тіркелді. Дерт науқастан сау адамдарға өте тез жұғады. Сондай-ақ, бір рет ауырып шыққан азамат қайта шалдығуы мүмкін. Ол аздай “Омикрон” тыныс алу жолдарының жоғарғы бөлігінде “Дельтамен” салыстырғанда 70 есеге дейін тез тарайды.

Өкініштісі сол – ақ халаттылардың жан айқайын естіп жатқандар өте аз. Дәрігерлердің сөздеріне құлақ аспаудың салдары жаман. Бүгінде дертке шалдыққандардың арасында жасы 60-тан асқан қарттар көп екен. 30 бен 39 жас аралығындағы адамдар да індеттің құрсауына жиі түсуде. Індетті жұқтырудың алдын алуға болар еді. Алайда, тәжді вируспен ауырғандардың 92 пайызы вакцина алмапты.

Нұрлан Айманов, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Ковид-19-дан көз жұмғандардың саны облыс бойынша 456 адамды құрайды. Олардың 23-і вакциналаудың толық курсынан өткен. Алайда, өзге созылмалы аурулары асқынған. Науқастардың 90 пайызы шілденің 15-інен, яғни Дельта штамының бас көтерген сәтінен бастап көз жұмды.

Бүгінде коронавирус диагнозы 1082 науқасқа қойылған. Олардың 221-і инфекциялық стационарларда ем алып жатыр. Айта кету қажет, қаңтар айында ауруханаға жатқызу жағдайлары 10 пайызға жиілепті. Әсіресе, ахуал жүкті әйелдер арасында ушыққан көрінеді.

Юрий Белоног, облыстық көпбейінді аурухананың бас дәрігері:

– Коронавирус жұқтырған жүкті әйелдердің барлығы біздің ауруханада ем қабылдайды. Бүгіннің өзінде 30 нәзікжанды жатыр. Қыз-келіншектер дертке қарсы вакцина алмаған. Сондықтан, түсіндіру жұмыстарын күшейту керек. Олар өздері мен құрсағындағы баланың денсаулығына қаншалықты қауіп төніп тұрғанын ұғынбайтын сияқты.

Иә, қазір жағаны жайлауға жіберіп қоятын кез емес. Өңірге “Омикрон” штамы жетсе, “Дельта” кетеді дегенді білдірмейді. Екеуі бірге өршіп, жағдайды одан әрмен ушықтыруы мүмкін. Сондықтан, вакцинация мен ревакцинацияға қарқын қосу қажет дейді ақ халаттылар. Бүгінде иммундау науқанынан өтуге болатын тұрғындардың 70 пайызы екпенің толық курсынан өтіпті. Бұл ретте жұмыс Қызылжар ауданында өте сылбыр жүргізілуде. Тәж вирусына қарсы препаратты ауылдағы ағайынның 58 проценті ғана қабылдаған.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жанат Ғаббасұлы, сіз аудан әкімі ретінде өз командаңызбен бірге шаруаны өте нашар атқарудасыз. Қызылжар ауданы ұзақ уақыт бойы соңғы орында келе жатыр. Сіздер қолдарыңызда бар мүмкіндіктерді дұрыс пайдалана алмай отырсыздар.

Қызылжар мен Ғ.Мүсірепов аудандары екпе науқанын жөнді ұйымдастыра алмай жүргенде ревакцинация да басталып кетті. Бүгінде өңірге «Comirnati»-дің 72 мыңнан аса дозасы жеткізілді. “Pfizer” компаниясы препаратының алғашқы компонентін – 7 мың 800, екіншісін 5 мың 200 адам қабылдаған. Иммундау шарасынан өткендердің ішінде жасөспірімдердің үлесі көп. Республика көлемінде қарастырар болсақ, вакциналауға жататындардың 22 пайызы «Comirnati»-дің бірінші дозасын алыпты. Атқарылған шаруа өз нәтижесін көп күттірмейді. Уақыт көрсеткендей екпелердің пайдасы бар әрі зор.

Нұрлан Айманов, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Ковид-19-ға қарсы вакцинаның толық курсынан облыстың 261 мыңға жуық тұрғыны өтті. Оның 1,25 пайызы, яғни 3 мың 300-ге жуығы кейін коронавирус жұқтырды. 41 проценті індетті өте жеңіл немесе симптомсыз формада өткерді. Қалғандары инфекциялық стационарларға жатқызылды.

Эпидемиологиялық ахуалға жедел респираторлық вирус пен грипптің тарауы да кері әсерін тигізуде. Сондықтан, мамандар тұрғындардан барлық сақтық шараларын күшейтуді сұрайды.

Эльмира Садвокасова