Денсаулық сақтау

2 жыл ішінде 18 мыңнан астам қазақстандық коронавирустан көз жұмған

Тәртіп – тәрбие бастауы, тәртіпсіздік – өміріңнің қас жауы. Ел Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов сөзін карантиндік талаптарды сақтау керектігін айтып бастады.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

– Коронавирус салдарынан 2 жыл ішінде 18 мыңнан аса азаматтарымыздан айырылып қалдық. Арамыздағы ардақтыларымызды жоғалтып алғанымызды есімізден шығармайық. Маска тақпау, тойханаға тығылып бару сынды әрекеттеріміздің арқасында қаншама адам қайтыс болып кетті.

Өткен тәулікте шамамен 14 мыңға жуық қазақстандық аты жаман індетті жұқтырып алған. COVID-19-ға шалдыққандардың басым бөлігі – елордалықтар. Нұр-Сұлтан қаласында 4 мың 800-ден астам адам сырқаттанып қалған. Екінші орында – Алматы қаласы. Оңтүстік астанада 1580 жағдай тіркелді. “Жағдайдың бұлай күрт ушығуына – Омикрон штамының таралуы себеп” дейді мамандар.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

Эпидемиологиялық жағдайдың одан әрі қалай өзгеретіндігі өзімізге байланысты. Қазір Омикрон штамы тез таралуымен қоймай жас талғамайтынымен қауіпті. Қалыптасқан иммунитетті сақтап қалудың бірден-бір жолы – ревакцинация. Алдын ала емделгеннің есесі кетпес. Екпе алмағандарға тез арада салдыруын ұсынамыз.

Жалпы, қазіргі уақытта коронавирустан 97 145 қазақстандық емделуде. 8 мыңға жуық пациент стационарда жатыр. 305 кісінің жағдайы – ауыр, ал 80 науқастың жағдайы өте ауыр деп бағалануда. 52 емделуші өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Өкінішке қарай, өткен тәулікте коронавирус пен пневмониядан 12 адам көз жұмды.

Маржан Касымбек