Құқық қорғау органдары

СҚО-да учаскелік инспекторлар 2 мыңға жуық қылмыстың бетін ашқан

Новомихайловка ауылдық округінде 2269 адам тұрады. Ауылдардағы ағайынмен инспектор Ерзат Шәрішев тығыз қарым-қатынаста. Ол өзінің негізгі міндетінен бөлек, елді мекендердегі зейнеткерлер, студенттер және оқушылармен жиі кездеседі. Арнайы тізімдегі жандармен де тілдесіп тұрады.

Ерзат Шәрішев, Мамлют аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы:

– Қыстыгүні жалғыз тұратын адамдар мен алкогольге құмар жандармен көп жұмыс жасаймын. Олардың үйіне жиі барып, жағдайларын біліп тұрамыз. Сондай-ақ, жауапты учаскеде 20-дан астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Мен онда кез-келген уақытта кіріп, әкімшілік учаскеде не болып жатқанын көре аламын.

Ауыл тұрғындары аса белсенді. Олар полицейге жәрдемдесіп тұрады. Мысалы, жоғалған адамдарды, малдарды табуға көмектеседі. Ерзан Шәрішевтің сөзінше, бұл – үлкен қолдау.

– Тәртіп сақшысы ауылда тұрады. Ауылда тұрғанын өзіміз қаладық. Учаскелік инспектор халыққа жақын болса, қылмыстық ахуал да айтарлықтай түзеледі.

Инспектор жұмысына жауапты. Қандай да бір мәселе туындап жатса, әрқайсымызға көмектеседі.

Жалпы, қазіргі күні Солтүстік Қазақстан облысында 200-ден аса учаскелік полицей қызмет атқарады. Өткен жылы олар 2 мыңға жуық қылмыстың бетін ашқан және 60 мыңнан аса әкімшілік құқықбұзушылық фактісін анықтап, кінәлі жандарды жауапкершілікке тартқан.

Бердимурат Баймухан