Денсаулық сақтау

“Омикрон” штаммының негізгі белгілері

“Омикрон” деп аталатын коронавирустың жаңа штаммы алдымен Оңтүстік Африкада тіркелді. Мұнда індет студенттер арасында тарап, кейін елге жайылды. Қазір күллі әлем жұртын әлекке салып отыр. Инфекцияның қауіпті түрі Қазақстанға жақында жетті. Салдарынан республикамызда эпидахуал күрт нашарлап, тәж вирусын жұқтыру фактілері антирекорттық көрсеткішке жетті. Қуанышымызға орай, әзірге “Омикрон” аққайыңдар өлкесінде анықталмады.

Еркебұлан Баязитов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

“Омикрон” штаммы біздің елімізге де келіп жетті. Бұл штамм шетелдерден тараған. Дегенмен, СҚО-да ресми түрде бұл штамм тіркелген жоқ. Алайда, біздің медициналық ұйымдар қандай да болсын жағдайға дайын. Бүгінде облыс стационарларында 1300 төсек-орын дайын тұр.

Омикронның басты белгілері – тамақтың және бастың қатты ауруы, мұрынның бітелуі, құрғақ жөтел. Бұған температураның жоғарылауы мен әлсіздік те қосылады. Сонымен қатар, бұл штаммды жұқтырған кезде иісті сезу қабілеті жоғалады. “Алайда, өзге штаммдарға қарағанда иіс сезу тез оралады”,- дейді мамандар.

Еркебұлан Баязитов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

“Омикрон” штаммын өзге штаммдармен салыстыратын болсақ, бір айырмашылық бар. Ол жылдам тарайды. Ал емдеу тәсілдеріне келетін болсақ, бұрынғы штаммдарды қалай емдедік, солай емдейтін болмаыз. 14:37 Вирустан сақтану үшін қарапайым ережелерді сақтау қажет. Қорғаныш құралдарын тағу, қашықтықты сақтау және бөлмелерді желдету. Ең негізгісі – вакцина алу.

Бүгінде облыс стационарларында 221 науқас ем қабылдауда. Олардың 21-і жансақтау бөлімшесінде жатыр. Ал 11 адамның жағдай аса ауыр деп бағаланып отыр. Мамандардың сөзінше, пациенттердің 98 пайызы вакциналанбаған. Жалпы, бүгінде өңірімізде 261 мыңнан астам жерлесіміз иммундау шарасының толық курсынан өткен. Бұл екпе алуға рұқсат берілген халықтың 70 пайызын құрайды. Ал екпе салдырмаған жандардың саны 87 мыңнан асып жығылады.

Дана Ешкенова