Қоғам

Елбасы Қазақстан халқына үндеу жасады

Елбасы Қазақстан халқына үндеу жасады. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті 2022 жылдың еліміз үшін күрделі де қатерлі сынақтан басталғанын айтты. Ұйымдасқан экстремистік топтар елімізде жаппай тәртіпсіздік орнатып, террористік шабуыл жасады. Осылайша, лаңкестер елдігіміз бен егемендігімізге, тыныштығымыз бен тұтастығымызға қауіп төндіріп, жұрттың берекесін қашырды.

Соның салдарынан бейбіт тұрғындарымыз зардап шекті. Нұрсұлтан Назарбаев қасіретті оқиға кезінде қаза болғандардың жақындары мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтты. Сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шұғыл шешімдерінің арқасында ел іргесі сөгілмегенін атап өтті. “Мемлекет басшысын қолдау – баршамыздың азаматтық борышымыз”,- деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы:

– Ендігі кезекте осы оқиғадан сабақ алып, мұндай бассыздыққа жол бермеуге тиіспіз. Бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздіктің отыз жылы ішінде атқарған істеріміз аз емес. Қазақстан әлемге танылған еңселі елге айналды. Ұлан-ғайыр шекарамыз түбегейлі бекітілді. Елімізде іргелі реформалар жүзеге асып, Орталық Азияда көш бастадық. Еуразия жүрегінде, Сарыарқа төсінде жаңа астанамыз бой көтерді. Бірлік барда ешбір жау сағымызды сындыра алмас.

Бердимурат Баймухан