Қоғам

Облыста 4 жол-көлік апаты орын алды

Өткен демалыс күндері Қазақстанның бірнеше өңірінде осындай алай-дүлей боран болды. Табиғаттың қыңыр мінезінен жолдарды қар алып, тұрғындардың жүріп-тұруына кедергі келді.

Қазір дәл осы видеодағыдай жайт әлеуметтік желілерде көп кездеседі. Алдын ала дауылды ескерту жарияланса да оған құлақ аспаған темір тұлпар иелері қар құрсауында қалған. Бірқатары бетпе-бет соқтығысыпты. Боранның қатты болғаны соншалық, кейбір ауыр жүк көліктері аударыла жаздаған. Мәселен жолдың шетінде қоршау болмаса мына машинаның апатқа ұшырауы айқын еді.

Ал Солтүстік Қазақстан облысында бұл күндері 4 жол-көлік оқиғасы орын алған. Соның екеуі Айыртау мен Қызылжар аудандарында тіркеліпті. Мұнда жеңіл көліктер бір-бірімен соқтығысып қалған. Зардап шеккен жан да бар. “Көкшетау-Рузаевка” тас жолында 1 нәзікжанды ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Науқастың аяғы көлік ішінде қысылып қалған екен.

Баян Байғаскина, СҚО ПД ЖПҚБ аға инспекторы:

– Айыртау ауданында «Лексус» пен «Фольксваген пассат» көліктерінің бетпе-бет соқтығысуының нәтижесінде 3 адам жарақат алды. Ал, Қызылжар ауданындағы «Жезқазған-Петропавл» трассасында «Ауди» және «Лада гранта» көліктері соқтығысып қалды. Мұнда зардап шеккендер жоқ.

Қуанышқа орай, өңірімізде өлім-жітім фактісі тіркелмеді. Апатқа ұшыраған жандардың жағдайы қазір бірқалыпты екен. Ал полицейлер кінәлі жандарды жазалау үшін материал жинап, сотқа жіберген.

Бердимурат Баймухан