Қоғам

Қаңтардың 19-ы православтар “Крещение Господне” мерекесін атап өтеді

“Крещение Господне” мерекесі православ қауымы үшін ең маңызды және ұлы мерекелердің бірі болып саналады. Діни мейрам дәстүр бойынша қаңтардың 18-нен 19-на қараған түні басталмақ. Наным-сенімдерге сүйенсек, бұл күні су ерекше қасиетке ие болып, түрлі ауру-сырқаудың алдын алуға септеседі.

Сергей Черкасов, СҚО ТЖД жедел-құтқару бөлімшесінің басшысы:

– Біздің өңірде суға түсу таңғы 7-ден кешкі 10-ға дейін Есіл өзенінің 2 жерінде ұйымдастырылмақ. Яғни, ойықтар қалалық жағажай мен өзен портында қазылады. Қараңғы уақытта аумақтар жарықтандырылады. Оған қоса, киім ауыстыруға арналған шатырлар орнатылады.

Соңғы жылдардағы статистикаға сүйенсек, аластатылған суға түсуге кем дегенде 20 мыңнан астам адам келеді екен. Бұл ретте Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тұрғындарды қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.

Сергей Черкасов, СҚО ТЖД жедел-құтқару бөлімшесінің басшысы
:

Бұл күні өзен-көлдерге шомылушылардың саны көп болатыны белгілі. Сондықтан, мұздың жарылып кету қаупі бар. Біз адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жақында мұздың қалындығын өлшедік. Сонда қалалық жағажайдағы мұздың қалындығы небәрі 16 мен 30 см аралығында болды. Ал өзен портындағы көрсеткіш 22 мен 40 см аралығын құрады.

Яғни, ойықтардың маңында көп адам жиналуға болмайды. Мамандар 5-7 кісінің тұрғаны жөн дейді. Жалпы, “Крещение Господне” мейрамы күні Есіл өзенінде 20-дан астам дәрігер, 100-ден астам тәртіп сақшысы мен 30 құтқарушы кезекшілік атқармақ.

Дана Ешкенова