Денсаулық сақтау

Әлемде короновирус дерті өршіп барады

Бүгіндері жер шарында короновирус жұқтырғандар саны 326 млн 185 мың адамға жуықтады. Дерттен 5 млн 535 мың 492 адам қайтыс болған. Ауру әсіресе, АҚШ, Үндістан, Бразилия және Түркия елдерінде өршіп тұр. Соңғысында инфекция жұқтырғандар саны 4 есе артқан. Науқастардың денінен омикрон штамы анықталуда. Соңғы тәулікте ғана 64 мың түркиялықтың вирус жұқтырғаны белгілі болды. 177 науқас көз жұмған. Дегенмен Түрік билігі әзірге сақтық шараларын қатаңдатуға асығар емес. Айта кетейік, Түркияда халықты жаппай вакциналау 1 жыл бұрын басталды. Бүгінге дейін елде 138 миллион екпе салынды. Қос дозаны 52 млн тұрғын қабылдаған.

Фахреттин Қожа, Түркия денсаулық сақтау министрі:

Омикрон елдегі басым штамға айналды. Коронавирусты жұқтырғандар саны өткен айға қарағанда 4 есе өсті. Бірақ індеттің бастапқы кезеңдерімен салыстырғанда, ауруханаға жатқызылғандар саны аз. Сақтық шаралары міндетті. Сондықтан сақ болайық.

Грузияда да эпидахуал нашарлап барады. Елде коронавирустың алтыншы толқыны жүріп жатыр. Сарапшылар бәріне омикрон себеп дейді. Қазір тәуліктік өсім 5 жарым мың шамасында. Бұл омикрон тіркелмей тұрған кезбен салыстырғанда 2 есе көп. Қазір науқастардың 40 процентінен осы штамм анықталып жатыр. Ай соңына таман көрсеткіш 60 процентке жетуі мүмкін. Өйткені ауру жеңіл өткенімен, штамм тез жұғады. Ең көп оқиға ел астанасы Тбилисиде тіркелді. Әр 3 деректің екеуі осы қалада анықталып жатыр. Мамандар тұрғындарды вакцина салдыруға шақырады.

Тамар Габуния, Грузия денсаулық сақтау министрінің орынбасары:

Омикронды жұқтырғандар арасында ауруханаға жатқызылып жатқандар аз. Олардың ешқайсысы жансақтау бөліміне түскен жоқ. Басқа мутациялармен салыстырғанда, омикронмен ауырғандар үшін карантиндік мерзім қысқарақ болады. Егер аурудың еш белгілері байқалмаса, 8 күн оқшаулану жеткілікті. Белгілер бар болса, 10 күндік карантинді сақтау керек.

Ал Австрияда 18 жасқа толғандар коронавирусқа қарсы вакцина салдыруға міндетті. Вакциналау келесі айда басталады. Ал себепсіз бас тартқандар, айыппұл төлемек. Жалпы, былтыр Австрияда халықты екпемен қамту көрсеткіштері Батыс Еуропа бойынша ең төменгі деңгейде болған. Сол себепті билік міндетті вакциналау туралы шешім қабылдаған.

Карл Нехаммер, Австрия канцлері:

Алғашында екпе алмағандарға ескерту хаты жіберіледі. Осыдан кейін ғана айыппұл салу секілді жаза қолданатын боламыз. Тұрғындардың вакциналау мәртебесін полицейлер тексере алады.

Айта кеткен жөн, Қытайда бүгінде тұрғындардың 85 проценті коронавирусқа қарсы вакцинаның толық курсын өткен. Яғни препараттың қажетті екі дозасын 1 миллиард 200 миллионнан аса адам салдырған.

Магжан Ахмадина