Аптадағы маңызды жаңалықтар

Университет оқытушылары Президент жүктеген тапсырмаларды іске асыруға әзір

Ағылшын тілін білу – заман талабы дейді «Болашақ » бағдарламасы бойынша АҚШ пен Францияда оқып келген Дәмел Мектепбаева. Әсіресе, ғылыммен айналысатын жандар Шекспир тілін еркін меңгеруі тиіс дейді ол. Өйткені, бүгіндері елдегі ғылыми жұмыс жасайтын жандардың біразы тіл білмегендіктен ақпараттан құр алақан қалатын көрінеді.

Дамель Мектепбаева, Қозыбаев университетінің инновациялар, интернационалдандыру және трансформация мәселелері жөніндегі басқарма мүшесі:

Ғалымдардың көбі біздегі бар ақпаратпен шектеліп қалады. Сол себепті, жұмыстары кейде біржақты болады. Әлемде болып жатқан құбылыстарды да зерттеп, олардағы жаңашылдықтармен танысу керек. Интернет заманында ағылшын тілін білсең ісің алға жылжиды. Сонда ғылыми еңбегің де жан-жақты болады. Тағы шетелдік басылымдарға мақалалар жазу да маңызды.

Осы орайда университет басшылығы оқытушыларды шетелге оқуға жіберіп, біліктілігін арттыруды көздейді. Тіпті, «Болашақ» бағдарламасы арқылы өзге елдерден білім алуға ниеті болса, жіберуге дайын. Сырт мемлекеттерде ғылымның әр саласы жан-жақты қарастырылып, ақпарат ауқымды түрде беріледі дейді Дәмел Мектепбаева.

Дамель Мектепбаева, Қозыбаев университетінің инновациялар, интернационалдандыру және трансформация мәселелері жөніндегі басқарма мүшесі:

Мен “Биотехнолог” мамандығын шетелден оқып келдім. Мен бір жыл жоғары математика және тағы бір жыл “Статистикалық анализ” деген пәндерді оқыдым. Сол кезде биологқа оның керегі қанша деп ойлайтынмын. Қазір ғылымды жан-жақты біліп, ұғыну үшін осының барлығының маңызды екендігін түсіндім. Біздің оқытушылардың оқыту әдістемесіне осындай тұстар жетіспейді. Алдағы уақытта оқу бағдарламаларын жан-жақты қарастырып, қосымша пәндер енгіземіз.

Тағы Президент өз сөзінде білім қолжетімді болуы керек деді. Бірақ, ол білікті педагог кадрларсыз мүмкін емес. Сондықтан, 80 жылдан астам уақыттан бері ұстаздарды дайындап келе жатқан өңірдегі жалғыз жоғары оқу орнының оқытушылар қауымы Мемлекет басшысының бұл тапсырмасын тікелей өздеріне жүктелген міндет деп түсінген. Осы ретте қол қусырып отырмақ емес. Бүгіннің өзінде еліміздегі барлық педагог кадарларды дайындайтын білім ордаларымен бірлесе отырып жоба әзірленген.

Елена Сәбиева, Қозыбаев университеті Тіл және әдебиет институтының директоры:

Еліміздегі жоғары оқу орындары қазірден бастап сапалы мамандарды дайындау үшін заманауи әдістемелерді қолдануы қажет. Осы ретте педагогтарға қойылатын талап күшейтілген. Олар әрдайым өздерінің біліктілігін арттырып отыруы тиіс. Болашақ оқытушыларды даярлау кезінде практикалық жұмысқа да баса назар аударылуы тиіс. Өйткені, кейде теория мен практика арасында алшақтық байқалады. Жоғары оқу орындары мектептермен тығыз жұмыс істеуі керек.

Бүгіндері Қозыбаев университетінің Тіл және әдебиет институтында 883 студент білім алуда. Олардың 252-сі – еліміздің оңтүстігінен келген жастар.

Магжан Ахмадина