Денсаулық сақтау

СҚО-да 44 мыңға жуық адам ревакцинациядан өтті

Ревакцинациядан өту үшін “Денсаулық” емдеу мекемесіне күніне 100-ден астам адам келеді. Бүгін де қосалқы құрамды алуға келген жандардың қарасы қалың. Қала тұрғыны Татьяна Котенева COVID-19-ға қарсы иммунитет қалыптастыруды өткен жылдың көктемінен бастаған. Дәрігерлердің шақыруымен бүгін вакцинаның қосалқы құрамын қабылдады.

Татьяна Котенева, қала тұрғыны:

– Жұбайым екеуіміз әуелде “Спутник V” вакцинасын алған едік. Өзімізді жақсы сезініп жүрдік. Желтоқсан айында аздап сырқаттансақ та дене қызуымыз көтерілген жоқ әрі тез сауығып кеттік. Бүгін бізге үшінші екпе ретінде “QazVaс”-ты қойды.

Дәрігерлердің айтуынша “Денсаулық” мекемесіне келіп қаралатын тұрғындар ревакцинациядан өтуде белсенділік танытуда. Сәрсенбінің өзінде дәл 107 адам келген. Қарашаның 22-сінен басталған шара аясында бүгінге дейін 2 мыңға жуық адам қосалқы құрамды алған.

Лариса Михалева, “Денсаулық” жеке коммерциялық емес мекемесінің меңгерушісі:

– Біздің мекемемізде 26 мыңнан астам адам тіркеуде тұр. Толық иммундау шарасынан 12 мыңға жуығы өтті. Ал 12 мың адам, әзірге, 1-ші компонентпен ғана егілді. Айта кету қажет, емдеу орнында жұмыс істейтін ақхалаттылардың барлығы бірдей вакциналанған.

Екпе егу кабинеттері таңғы 8 жарымнан кешкі сағат 8-ге дейін жұмыс істейді. Сондай-ақ, мекемеде мобильдік топ та бар. Бұндай қызмет түріне 60-тан асқан адамдар жүгіне алады. Ол үшін “Денсаулық” емдеу мекемесіне қаралатын тұрғындар экранда көрсетілген нөмірге хабарласуы қажет.

Алдияр Айтпаев