Ауа райы

Демалыс күндері өңірде қар жауып, боран соғады

Қатаң мінез танытатын қаңтардың да бел ортасына жеттік. Синоптик мамандардың айтуынша, осы күндері ауа температурасы түнде минус 20-25 градусқа дейін төмендейді. Ал күндіз сынап бағанасы минус 13-18 градустың маңайында болады. Сондай-ақ, өңірде боран күтілуде.

Серік Наурызбаев, СҚО ТЖД бөлім бастығы:

– Демалыс күндері нормадан көп қар түседі. Сондай-ақ, секундына 20 метр жел соғып, боран болады. Жолдарды қар алып қалу қаупі бар. Сондықтан, тұрғындарды абай болуға шақырамыз!

Өңір жолдарында қиындыққа тап болған жандарға көмек көрсету жағы ойластырылып қойылған. Бұл – Бөскел мектеп-колледжіндегі жылыту қосыны. Мұнда аяз бен боранда жолда қалған жандар жеткізіледі. Нысан ішінде бірінші медициналық көмек көрсетіледі және ыстық ас-су беріледі.

Алмас Нұркеев, “Бескөл мектеп-колледжі” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

– Нысанның ішінде ана мен балаға арналған бөлме де бар. Сондай-ақ, изолятор мен тынығуға арналған орындар қарастырылған. Қосын бір уақытта 40 адамды қабылдай алады.

Жалпы, Қызылжар ауданында мұндай 10 пункт бар. Олар көлік ағыны жоғары учаскелерде орналасқан.

Дулат Шурманбаев, Қызылжар аудандық ТЖ бөлімінің бас маманы:

– Былтыр бұл қосындарға жолда қалған 9 қызылжарлық жеткізілді. Оның 3-еуі осы Бөскел мектеп-колледжіне жеткізілді. Қалғаны Шаховское селосындағы нысанға апарылды. Ал биылғы қыста мұндай жайт әзірге тіркелмеді.

Облыстық дерекпен бөлісейік. Өңірде 300 жылыту қосыны жұмыс істеп тұр. Олардың дені қар алу қаупі жоғары жолдарда орналасқан. Ал облыста мұндай 270-ке тарта аумақ бар. Айта кету қажет, биыл жолда қалу жайты Ғабит Мүсірепов ауданында ғана тіркелген. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары 5 жеңіл көлікті қар құрсауынан шығарған екен.

Алдияр Айтпаев