Аптадағы маңызды жаңалықтар

Экономист мамандардың пікірі

Экономикалық өсіммен бірге халықтың әл-ауқаты, табысы да артуы тиіс. Бізде ұлттық байлық есебінен тек қалталы азаматтардың ақшасы көбеюде. Бұған қарамастан, олигархтық топтар мемлекет есебінен де баюды қоймай отыр. Кіші және орта бизнес өкілдеріне Үкіметпен қарастырылған қолдауды ең бірінші кезекте ірі кәсіпорындардың иеленетіні мәлім. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды дамыту банкінің жұмысын қайта құрып, бармақ басты көз қыстылықты жоюды тапсырды. Міндет орындалса, қарапайым кәсіпкерлердің тынысы кеңеймек дейді экономика ғылымдарының кандидаты Дінмұхаммед Шайкин.

Дінмұхаммед Шайкин, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор

– Кіші және орта кәсіпкерліктің дамуы экономиканың бір бұтағын гүлдендіреді. Жаңа өндіріс ошақтары іске қосылса, жаңа жұмыс орындары ашылады. Кәсіпорындар тұрақты еңбекақы төлеп, жергілікті бюджетті салықпен толықтырады. Сондықтан, дәл осындай бизнесмендерге мемлекеттік көмек көрсетілуі қажет әрі Президент кәсіпкерлікке түсетін бюрократиялық салмақты азайту бойынша заңға қол қойды. Бастаманы барша халық қолдап отыр деген ойдамын.

Ел Президенті “Самұрық-Қазына” қызметінің тиімділігіне де тоқталды. Холдингке мемлекеттің “Қазақгаз”, “Қазпошта”, “Қазақстан темір жолы”, “Эйр Астана”, “Қазақтелеком” сынды алыптары мүшелік етеді. Қор 2008 жылы компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, басқарудың ең үздік әлемдік тәжірибесін енгізу мен халықаралық ауқымдағы инвестициялық жобаларды іске асыру үшін құрылған болатын. Туындайтын заңды сұрақ – өз алдына қойылған міндетті қаншалықты деңгейде орындап отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қомақты жалақы алатын қызметкерлері, директорлар кеңесі немен айналысады? Қызметі өте қымбат консалтинг компанияларын және шетелдік мамандарды жұмысқа тартқаннан пайда бар ма? “Самұрық-Қазына” қоры еліміздің стратегиялық активтерін басқару ісінде басты рөл атқарады. Сондықтан, Үкіметке Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, квазимемлекеттік секторды түбегейлі реформалау үшін ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын.

Егер Қорды реформалау мүлдем мүмкін болмаса, ондай құрылымның болмағаны жөн деді Президент. Экономика саласында орын алатын тағы бір өзгеріс – жеке тұлғалардың банкроттығына қатысты. Үкімет қазір дәл осындай заң жобасын әзірлеу үстінде. Алайда, проблеманың салдарымен емес, себебімен күресу қажет деді Мемлекет басшысы. Яғни, азаматтардың қарызға белшесінен батпауына назар аудару қажет. Мәселені шешу Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банкке жүктелді.

Эльмира Садвокасова