Энергетика

Төтенше жағдай уақытында қарызы бар абоненттер электр қуатынан ажыратылмайды

Таңертемен Солтүстік Қазақстан Электржелістік Тарату Компаниясының бригадалары көліктері мен құрал-саймандарын сайлап, кезекті тексеріске шығады. Олар қала ішін аралап, жұмысында ақау пайда болған қосалқы станцияларды жөндейді және жұмыс істеп тұрғандарының жай-күйін қарайды.

Мына тартымдылық қосалқы станциясы осы ауладағы үйлердің барлығын электр қуатымен қамтамасыз етеді. Кеше мұндағы кабельдердің бірі істен шығыпты. Салдарынан баспаналарға таратылатын энергия азайып қалған. Қазір мамандар заманауи қондырғының көмегімен ақау пайда болған тетікті анықтауда.

Николай Сувирко, «СҚ ЭТК» АҚ кабель желілері электротехникалық зертханасының инженері:

– Біз қосалқы станцияға жоғары кернеулі тоқ береміз. Осылайша, монитордан электр өтпей тұрған кабельді анықтаймыз. Кейін тиісті жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Шаруа аз уақыттың ішінде аяқталып та қалды. Қазір станция қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.

Петропавлда мұндай қосалқы станциялардың 900-ге жуығы бар. Одан бөлек мамандар төтенше жағдай уақытында қала маңындағы блокбекеттерге таралатын электр энергиясының тұрақтылығын тексеріп тұрады.

Александр Елисеев
, «СҚ ЭТК» АҚ қалалық электр желілерінің бас инженері:

Солтүстік Қазақстан облысында төтенше жағдай жарияланғанда біз қала маңындағы жылжымалы блокбекеттердің бәрін жедел түрде электр қуатына қостық. Бұл шаруа бір күнде атқарылды. Сондай-ақ, аудан орталықтарында да осындай жұмыс жүргіздік. Тым алыста орналасқан блокбекеттерге тоқ беру үшін арнайы желілер тұрғыздық және оларға сым тарттық.

Қазір компания штаттық режимде жұмыс жүргізіп жатыр. Қалаға электр энергиясын беру ісінде ешқандай кедергі жоқ. Петропавлдықтар үшін маңызды жаңалық, төтенше жағдай уақытында мамандар шаһардағы жоспарлы жөндеу жұмыстарын уақытша тоқтата тұрмақ. Шаруа қалыпты өмірге оралған шақта бастау алады. Себебі, қазіргі таңда тоқ беруді тоқтатуға болмайды дейді сала өкілдері. Сонымен қатар, бүгінгідей режимде компанияға қарызы бар абоненттер электр қуатынан ажыратылмайды.

Бердимурат Баймухан